Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Еңбекші ауданының белсенді тұрғындарымен кездесті. Бұған дейін қала басшысы ауданнан шалғай жатқан 16 елді мекен тұрғындарымен жүздесіп, олардың өтініштерін тыңдаған еді.
Кездесу барысында ауыл билері мен тұрғындар тарапынан 47 өтініш пен мәселе көтерілген болатын. Олардың 27-не сол мезетте нақты шешімін тауып, қалған 20-на шешу үшін тиісті іс-шаралар бекітілді.
Сала жауаптыларының айтуынша, қазір оның 7-і шешімін тапқан. Мәселен, Маятас, Елтай, Жыланбұзған, Айнатас елді мекендердің орталық көшелеріне аялдама орны белгіленіп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, «Қазығұрт» мәдениет үйінен спорт және өнер үйірмелерін ашу үшін инвестор арқылы жұмыс жүргізу шешімі қабылданған.
Қала әкімі әр белсендінің қозғаған мәселесін мұқият тыңдап, сұрақтарға жеке-жеке жауап берді. Халықтың өтініші орындалатынына сенім білдіріп, әрбір мәселе кезек ретімен шешімін табатынын жеткізді. Тұрғындардың өтініші бойынша сала жетекшілеріне нақты тапсырма жүктеліп, орындалуын бақылау үшін хаттамаға енгізілді.
Мөлдір Ибадуллаева