Жолаушыны жолдан тастап кеткен автобус жүргізушісіне сөгіс жарияланды

43

Жолаушыны соңғы аялдамаға жеткізбей тастап кеткен автобус жүргізушісіне сөгіс жарияланды. Ал егер мұндай жағдай қайталанатын болса, жұмыстан шығарылады. Бұл туралы транспорт басқармасы мәлімдеді. Олардың айтуынша, №150 автобус 16-18 минуттық интервалмен жүреді. Ал оқиға орын алған кезде кептеліс болған..

Ғаламторда жергілікті тұрғынның 150-ші нөмірлі автобустың жолаушыларды соңғы аялдамаға жеткізбей тастап кететіні туралы шағымы тараған еді. Жауаптылардың мәліметіне сүйенсек, жүргізуші ұзақ уақыт кептелісте тұрып қалған. Одан соң, алдыңғы автобуспен уақыт арасы ұзап кетті деп, жолушыны аялдамаға жеткізбей тастап кеткен. Қазір оқиғаның мәнісі анықталып, жүргізушіге сөгіс жарияланған.

Наурыз Сүгірәлиев, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы: «Т-Бас компаниясы зерттеулер жүргізіп, кінәлілерді шара көріп, сөгіс жариялаған. Одан бөлек, бағыттардың жұмысы бізде тұрақты бақылануда.  Барлық шараларды заңға сәйкес көлік компаниясы көретін болады. Компанияның басшылығы жаңағы 150 автобус бойынша қатаң шара көрілген. Егер қайталанған жағдайда жұмыстан шығатыны ескертілген».

Ал сала жауаптылары достық- теміржол вокзалы бағытында жүретін қоғамдық көлік санының жеткілікті екенін айтады. Қазір аталған бағыт бойынша 10 автобус қатынайтын көрінеді. Ал 150-ші автобустың арақашықтығы 16-18 минут екен.

Дархан Қуанышбеков, Шымкент қалалық диспетчерлік қызмет орталығының басшысы: «Қазіргі таңда 10 автобус жүр. Жеткілікті, көп болса сыймай қалады».

Қоғамдық көліктерге қатысты туындаған олқылықтарды қалалық диспетчерлік орталық бақылап отырады. Алайда, бағыттан ауытқу деректері анықталса, тек автобусқа жауапты мекемеге ғана ескерту берілетін көрінеді. Сәйкесінше қателікті дер кезінде жою тиісті жеке компания басшылығының қолында.

Айта кетейік, Шымкентте күнделікті 78 бағытта 900-ге жуық қоғамдық көлік тұрғындарға қызмет көрсетеді. Сала мамандары қосымша бірнеше бағыт қосу жұмысы ұйымдастырылып жатқанын да атап өтті.

Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан қоғамдық көліктің қызметіне қатысты шағым туындаған жағдайда олар, «109» нөмірі арқылы «Айкөмек» орталығына жүгіне алатындығын да еске саламыз.

Гүлдана Дәурен