8-наурызда 16 бала дүние есігін ашты

192

 Шымкент қалалық перинаталдық орталықта 8-наурыз күні 16 сәби дүниеге келген. Оның 10-ы ұл бала болса, алтауы қыз. Келіп түскен әйелдердің үшеуі ауыр халде болған, ал дүниеге келген нәрестенің біреуі уақытынан ерте туылған. Ақ халаттылар қазір барлығының жағдайы бірқалыпты екенін айтты.

Александра Мұртазина халықаралық әйелдер мерекесін перзентханада қарсы алған бақытты аналардың бірі. Ол мереке күні дүниеге салмағы 4 келі аруды алып келді. Қызының есімін батыл, мейірімді әрі ақылды болсын деген ниетте «Эмина» деп атаған екен. Жас ана тұңғыш перзентім нағыз мерекелік сый болды дейді.

Александра Муртазина, Шымкент қаласының тұрғыны: «Эмина менің тұңғышым және ата-әжесінің де алғашқы немересі. Қызым әулетіміз үшін көптен күткен бала болды. Ол дүнеге келген сәтте ерекше күй кештім. Мереке күні кез келген әйел сыйлық алғысы келеді ғой, ал қызым мен үшіне керемет сый болды. Қызымның мінезі бар, тіпті қазірдің өзінде өзінің не қалайтынын біледі. Салмағы 4 келіден астам, ал бойы 59 см».

Ал Айгүл Орынбек 8-наурыз күні төртінші перзентін босанған. Салмағының 3 келіге жуық екеніне қарамастан, дәрігерлер ана мен баланың жағдайы жақсы екенін айтады. Айгүл Орынбек мерекеде дүниеге шекесі торсықтай ұл келіп, әулетке үлкен сый болғанын айтады.

Айгүл Орынбек, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бір Алладан керемет сыйлық болды ғой бұл. Бойы 50 см, салмағы 2 кг 800. Уайым болды, мен өзім 7 наурызға жоспарлап отырғанмын, Құдайдың бұйырғаны. Оған да шүкір, аман-есен босанып алдық. Алдыңғы 3 балам ұйықтап жата беретін, бұл кішкене қырсықтау ма деп қоямын өзім».

Қалалық перинаталдық орталықта мереке күні 16 сәби туылған. Ал жыл басынан бері 1 086 әйел босанған екен. Оның 200-ге жуығы сәбилерін уақытынан бұрын дүниеге әкелген.

Дәулет Сатов, Шымкент қалалық перинаталдық орталығы бас дәрігерінің орынбасары:  «8-наурыз — Халықаралық әйелдер күнінде біздің перинаталдық орталықта 16 әйел босанды. Оның ішінде 10-ы ұл бала, ал алтауы қыз бала болып туылды. Бір бала уақытынан бұрын туылды, оның жағдайы орташа ауыр қалыпты, қазір «нәрестелер жансақтау бөлімінде» жатыр».

Жалпы қаңтар айынан бастап қалалық перзентханада 35 егіз нәресте дүние есігін ашқан. Ал 400-ге жуық әйел кесарь тілігімен босанған. 8-наурыз күні перинаталдық орталыққа 3 әйел ауыр жағдайда келіп түскен. Дегенмен, қазір ана мен балалардың жағдайы бірқалыпты дейді ақ халаттылар. Жағдайы жақсарған соң 5-7 күн ішінде пациенттер үйге шығарылады.