Қазақстан Республикасының Парламент мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Әділет министрі Қанат Мусин баяндама жасады. Ол «Атқарушылық іс жүргізудегі тараптардың құқықтарын қорғауды жетілдіру және проблемалар мен оларды шешу жолдарын қарастырды. Қазір жеке сот орындаушыларының жауапкершілігін күшейту маңызды болып отыр деген шенеунік талапты жоғарылату керек дейді.
Енді бір ай ішінде алимент өндіре алмаған сот орындаушылар лицензиясынан айырылады. Бұл туралы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Әділет министрі Қанат Мусин мәлімдеді. Айтуынша, берілген уақыт көлемінде дұрыс жұмыс істей алмаған мамандарға шара қолдану қажет.
Қанат Мусин, ҚР Әділет министрі:
«Атқарушылық іс жүргізу туралы» заңға маңызды өзгерістер 2020 жылы енгізілді. Олар борышкер мен өндіріп алушылардың құқықтарын қорғауға, жеке сот орындаушыларының жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Енді бір ай ішінде алимент өндіру және басқа да әлеуметтік істер бойынша белсенді жұмыс болмаған жағдайда сот орындаушы лицензиясынан айырылады. 2021 жылы осындай негіздер бойынша 19 жеке сот орындаушысы лицензиясынан айырылды»
Сондай-ақ 2021 жылы алимент төлемегені үшін 316 борышкер қылмыстық , 6 мың борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Қанат Мусин, ҚР Әділет министрі:
«Енді сот орындаушысы борышкердің елден шығуын шектеуге міндетті. Бұрын ол мұны өз қалауы бойынша жасай алатын. Жұмыс істейтін мүмкіндігі шектеулі борышкерден өндіріп алу тек оның жалақысынан ғана жүзеге асырылады. 2020 жылғы желтоқсанда Жоғарғы Соттың «Сот актілерін орындамағаны үшін жауаптылық туралы» нормативтік қаулысына түзетулер енгізілді. Бұл өзгерістер қасақана төлемеушілерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды айтарлықтай жеңілдетті»
Сот төрелігін іске асырудың соңғы кезеңі мәжбүрлеп орындату процесі де өте тез, тиімді және әділ болуы тиіс. Өйткені азаматтардың басым бөлігі өздеріне тиесілі соманы уақытылы және толық өндіріп ала алмайды. Осылай деген министр, 2021 жылы сот орындаушылардың іс жүргізуінде 9,3 трлн теңге сомасына 7 млн-ға жуық атқарушылық және басқа да құжат болғанын жеткізді.
Қанат Мусин, ҚР Әділет министрі:
«Нақты өндіріп алынған 2,3 млн атқарушы құжаты 300 млрд теңге сомасын құрады. Негізгі себептері – заңнаманың олқылықтары және борышкерлердің төлем қабілетсіздігі. Өткен жылы борышкердің табысының немесе мүлкінің болмауына байланысты өндіріп алушыларға 2,4 трлн теңгеге 608 мың атқарушылық құжат қайтарылды»
Жалпы жыл сайын атқарушылық іс саны 1 млн-нан астам құжатқа өсіп отырады. Тиісінше сот орындаушылардың жүктемесі де күн санап артып келеді.
Мөлдір Ибадуллаева