Көлік салығын төлеу мерзімі 1-ші сәуірде аяқталады

14

2021 жылға көлік салығын төлеу мерзімі 1-ші сәуірде аяқталады. Уәкілетті органдардың мәліметіне сәйкес Шымкентте 250 мыңнан астам авто көлік тіркелген. Былтырғы жылға есептелген міндетті салықтан қазынаған 4 млрд. теңге түсуі тиіс. Алдыңғы жылдардағы көлік салығын төлемеген 20 мыңнан астам жерлесіміздің берешегі 900 млн. теңгені құрайды.

Қаратау ауданында 81 мыңға жуық көлік тіркелген. Алдын ала жасалған есепке сәйкес, ол көліктерден қазынаға 1 млрд -тан астам салық түсуі тиіс. 2021 жылға көлік салығын төлеу мерзімі 1 сәуірде аяқталатын ескерткен мамандар одан кейін өсімпұл қосылатынын айтады. Ауданда 5 252 азаматтың көлік салығынан 208 млн. 728 мың көлемінде берешегі бар.

«Сот орындаушылары оларға қатысты жұмыс істеп жатыр. Шетелге шектеу, есеп-шоттарын бүғаттау, жылжымайтын мүліктерін  тәркілеу  сияқты қатаң шаралар қолданылады. Ауданда  ондай ірі қарыздары бар 25 салық төлеуші бар. Берешегін өтеу бойынша сот шешімдері шыққан»,-дейді Қаратау ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы  Нұрлыбай Иришев.

Бауыржан Әбенов, Қаратау ауданының тұрғыны: «2021 жылдың көлік салығын төлеуге келіп едім. 2019 жылға берешегім бар екен. Жаңа білдім. Қазір көлемін айтады, сосын төлеймін. Жерлестерге айтарым  қарызды жинамай, мерзімінде  төлеңіздер».

Еңбекші ауданында 72 мың көлік құралы тіркелген. Осы күнге дейін 5 029 азамат қарызын өтеуге асықпайды. Олардың берешегі 198 млн. теңгені құраған.

Қадыржан Панбаев, Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары: «Берешекті электронды түрде «Е салық» қосымшасы, Каспий арқылы да төлеуге болады. Қарыздың мөлшері  1 АЕК асқан жағдайда  сот орындаушыларына жолданады».

Бүгінде  Шымкентте 250 мыңнан астам автокөлік тіркелген. Қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің есебі бойынша олардан бюджетке 4 млрд. теңге салық түсуі тиіс. Дегенмен, алдыңғы жылдардағы міндетті төлемдерді өтемеген 20 мыңнан астам жеке тұлғаның 900 млн. теңге қарызы бар.

Бауыржан Нұрланұлы, Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы: «15-ші  наурыздан бастап көлігі бар әрбір жекетұлға «Е салық» мобильді қосымшасына  кіріп, төленетін көлік салығының мөлшерін  білуіне болады. Біз барлығын есептеп қойдық. Егерде мерзімінде төлемесе,  өсімпұл  есептеледі».

Мамандар бірқатар санаттағы азаматтарға жеңілдіктер барын айтады. Уәкілетті органдардың мәліметі бойынша шаһарда ондай 15 мыңға жуық азамат бар. ҚР Салық кодексіне сәйкес ҰОС ардагерлері, «Алтын Алқа» игерелері мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар қозғалтқыш көлемі 4 мың текшеметрге дейінгі бір автокөліктің салығын төлеуден босатылады. Одан артық болса тиісті салық төлемі жасалады.

Шынар Оразова