Кітапхана, театр және мұрағат қызметкерлерінің жалақысы төмен екендігі жалпыға аян. Бұл мәселені шешу мақсатында мемлекет басшысы Жолдауында мәдениет саласына ерекше көңіл бөлді. Мәдениет, оның ішінде кітапхана қызметкерлерінің, мұрағат пен мәдениет саласында жұмыс істейтіндердің жалақысын 2022-2025 жылдары аралығында әр жылы 20 пайызға көтеру туралы нақты ұсыныс жасады.
Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты 21 мекемеде бүгінде 1897 қызметкер жұмыс істейді. Биыл олардың қатары тағы толықпақ. Сайрамдағы, Жеңіс пен Абай саябақтарындағы мұражайлар қала меншігіне өтеді. Жағымды жаңалықтардың бірі соңғы жылдары айлықтары өте төмен болған мәдениет саласындағы қызметкерлердің жалақысы біршама көбейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында мәдениет саласындағы қызметкерлер жалақысын көтеру жөнінде тапсырма берген болатын. Биыл мәдениет саласындағы қызметкерлердің жалағысы 35 пайызға көтерілді»,- дейді Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Демеуғали Бақов.
Қызметкерлерінің жалақылары көбейген мекемелердің қатарында 30 жылдық тарихы бар Шымкент қалалық мемлекеттік архиві де бар. Мұнда 48 қызметкер жұмыс істейді. 2015 жылы жаңа ғимаратқа көшкен мекеме кезеңімен заманауи құрылғылармен жабдықталуда. Жаңа бөлімдер ашылуда.
Айпар Амангельдиева, Шымкент қалалық мемлекеттік архивінің директоры: «Санатына қарай, еңбек өтіліне байланысты қызметкердің жалақысы көбейді. Алайда, мына заманда ол жеткіліксіз. Архив қызметкерлерінің осы жұмыстан басқа табыс көзі жоқ. Қазір барлығы қымбаттап кетті. Коммуналдық қызметтің, азық-түлік, ұжымда әлеуметтік тұрғыда аз қамтылғандары да бар».
Тәжірибелі маман Алтын Сейтаева, басшылардың айлығы көтерілгеннің өзінде таза қолымызға 165 мың теңгеден кем аламыз, санаты, еңбек өтілі жоқ жас мамандар 90 мың теңгенің айналасындағы жалақымен күн көруге мәжбүр, дейді.
Алтын Сейтаева, Шымкент қалалық мемлекеттік архиві директорының орынбасары: «30 мыңдай қосылды. 130 мың былтыр алатын болсам, биыл жалақым 165 мың теңге. Бізде 90 мың, 110 мың теңге алатын қызметкерлер бар».
Мекемеде 9 жыл еңбек өтілі бар Ұлжан Егембердиева жалақымызға қосылған сома түкке де жетпейді. Күн санап қымбатшылық жайлаған қазіргі заманда «Айлығымыз, шайлығымызға жетпейді» сондықтан жалақымызды көтермесе болмайды дейді.
Ұлжан Егембердиева, архив қызметкері: «11 мың қосылды. 78 мың алатын едім, қазір 90 мың төңірегінде, қай жерімізге жеткіземіз, азық-түлік қымбаттады, барлығы шарықтап барады».
Президент жолдауында мәдениет, оның ішінде кітапхана қызметкерлерінің, мұрағат пен мәдениет саласында жұмыс істейтіндердің жалақысын 2022-2025 жылдары аралығында әр жылы 20 пайызға көтеру туралы нақты ұсыныс жасады. Сала қызметкерлері жыл сайын жалақымыз көтерлгенде инфляция да ескерілсе екен деген ұсыныстарын жеткізді.
Шынар Оразова