Қазақстанда қанттың 30-40 пайызы қызылшадан ал басым бөлігі шетелден тасымалданатын құрғақ шикі қантынан жасалады. Осылай деген Ауыл шаруашылығы министрі бағаның қымбаттау себебін, тауардың сырттан келуімен байланыстырып отыр. Алайда қазірше елде қант тапшылығы жоқ. Әрі қажетті азық-түліктің де жеткілікті қоры бар.
«Қажеті жоқ қантты сатып алмаңыздар». Осылай деген ауыл шаруашылығы министрі халықты бос қауесетке ермеуге шақырды. Ербол Қарашөкеевтің айтуынша қазіргі таңда азық-түлік қоры жеткілікті. Бірақ алдағы уақытта қант бағасы қымбаттауы мүмкін.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі: «Қазір азық-түлік келісімшарт корпорацияның қоры бойынша 2,5 мың тонна қантымыз бар. Оны 311 теңгеден өңірлерге жеткізу жұмыстарын жасап жатырмыз. Қант бағасы алдағы уақытта әрі кетсе 60-70 теңгеге өсуі мүмкін. Себебі айтып өткеніміздей, құрақ қант түрі шетелден тасымалданатын болғандықтан доллар бағасына сай өзгеріп отыр».
Ал Сауда және интеграция министрлігі бағаның заңсыз өсуіне жол бермейміз дейді. Бақыт Сұлтанов бағаны 15 пайыздан жоғары бағамда ұстаған сауда нысандарына тиісті мониторинг жүргізіліп жатқанын алға тартты.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интергарция министрі: «Біз Қаржы министрлігімен және кірістер комитетімен бірлесе отырып, бұл мәселені қолға алдық. Қазір прокоратура мен бақылау органдары базарлар мен дүкендерде тексеру жұмыстарын жүргізуде. Заң бойынша сатушыларға бірқатар талап бар. Кішігірім дүкендердің қосымша қосып отырған құны 15 пайыздан аспауы тиіс. Осындай міндеттерге бақылау жүргізілуде. Әрине, біздің мақсатымыз заңсыз бағаның өсуіне жол бермеу».
Сондай-ақ ҚР Премьер-Министрі нарықты азық-түлікпен толықтыру шаралары азық-түлік өндірісі мен тұтыну теңгерімін ескере отырып жүргізілуі тиіс екенін жеткізді. Яғни, азық-түлік тауарларының нақты қолжетімділігін, олардың дүкендер мен базарлардың сөрелерінде жеткілікті болуын қамтамасыз ету қажет.
Әлихан Смайлов, ҚР Премьер министрі: «Бағаны реттеудің қолданыстағы механизмдерінің тиімділігін бағалау керек. Сондай-ақ бағаларды әкімшілік реттеуден халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарын адрестік қолдауға көшу үшін ұсыныстар дайындау қажет. Бағаларды әкімшілік механизмдермен ұстап тұру нарықтық тәсілдерге жатпайтынын білеміз, сондықтан бағаларды тұрақтандырудың басқа да әдістерін қолдану қажет».
Айта кетейік, бүгінде тұрақтандыру қорында 2439 тонна картоп, 33,6 тонна қырыққабат, 273,7 тонна пияз, 462,3 тонна сәбіз, 38,7 тонна күріш, 98,5 тонна өсімдік майы, 20 тонна қарақұмық жармасы және 200 тонна қант бар.
Мөлдір Ибадуллаева