Brent маркалы мұнайдың баррелінің бағасы 116 доллардан асты. Бұл соңғы 9 жылда тіркелген ең жоғары көрсеткіш.
Америкалық «Дабл-ю Ти Ай» да қымбаттап жатыр. Оның баррелі 113 доллардан сатылуда. «Райстэд Энэрджи» аналитикалық агенттігі әлемдік «қара алтын» құны маусым айына қарай 130 долларға жетуі мүмкін деп болжайды. Газдың да бағасы аспандап барады. «Блумбергтің» хабарлауынша, Еуропадағы «көгілдір отынның» бір мың текше метрі 2 мың 200 долларды құрап, құны 60 пайызға көтерілген. Бұл қымбатшылық инвесторлардың қорқынышынан туындап отыр. Олар Украинаға қатысты жағдайға байланысты Ресей газын жеткізу ісі тоқтауы мүмкін деп қауіптенеді.
Сондай-ақ, мамандар Еуропаның жерасты қоймаларындағы қор рекорды деңгейде азайып жатқанын алға тартады.
Шынар Оразова