Қырғызстанға Қазақстаннан 1000 тонна отандық іріктелген бидай тұқымы түрінде ізгілік көмек жеткізілді, деп хабарлады Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Жүкті тапсыру рәсімі «Бішкек-1» теміржол стансасында Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі Рәпіл Жошыбаев пен Қырғызстанның ауыл шаруашылығы министрі Аскарбек Жаныбековтың қатысуымен өтті.
Министр іріктелген бидай тұқымдарымен қамтамасыз етуде құнды қолдау көрсеткені үшін Қазақстан тарапына ризашылығын білдірді. Бұл ел фермерлері шығаратын өнім сапасы мен өнімділігінің өсуіне әсер етеді.
«Іріктелген тұқым түріндегі ізгілік көмек отандық тұқым сапасын арттырады. «Қарабалық-20″ сортының қазақстандық тұқымы себу стандартының бірінші санатына мынадай сорттық және себу сапасымен сәйкес келеді: ылғалдылығы – 14%-тен аспайды, өнгіштігі – 95%-тен кем емес, сорттық тазалығы – 99,7%-тен кем емес. Тұқымдар карантиндік арамшөптерден, аурулардан және кез келген бөтен иістерден тазартылған», — деп атап өтті Жаныбеков.
Елші ізгілік жүкті жеткізуді Қазақстан үкіметі мемлекет басшысының Қырғызстан президенті Садыр Жапаровпен келіссөздерінің нәтижесінде берген тапсырмасына сәйкес ұйымдастырғанын атап өтті.
Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан басшылығы Қырғызстанның өтініштеріне түсіністікпен қарап, маңызды әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге барынша ықпал етті және елеулі ізгілік көмек көрсетті.
2020 жылы мамырда 5 мың тонна көлемінде қазақстандық ұнды жеткізді, 2021 жылдың мамыр айында 10 мың тонна ұн түрінде ізгілік көмек жіберілді.