Ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлғайтып, импортқа тәуелділікті барынша азайту керек. Ал азық-түлік бағасын тұрақтандырудың — түрлі механизмдерін қарастыру қажет. Үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов осылай, — деді.
Жиында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қаңтар, ақпан айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуға қатысты жоспарлар қаралды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі екі жылға арналған жоспар әзірлепті. 30 шақты міндеттің негізгілері майлы дақыл мен көкөніс алқаптарын ұлғайтып, өсімдік шаруашылығын әртараптандыру. Ірі қара, қой мен жылқы шаруашылығын дамыту қолға алынады. Осылайша, 2025 жылға дейін ет, сүт қаймақ, ірімшік өнімдерімен 100 пайыз қамту көзделген. Отандық өндірісті ілгерілету үшін аграрлық ғылымға дем беру керек. Бұл ретте зерттеу орталықтарын құруға тапсырма берілді. Ал қазақстандықтар азық-түліктен тапшылық көрмейді. Министрдің мәліметінше, қажет тауарлар жеткілікті. 144 мың тоннадай ұн, 40 мың тонна күріш, 20 мың тоннадан астам макарон өнімдері, 900 мың тоннадай көкөніс бар. Ал қант қоры алдағы 3 айға жетеді. Елде 4 зауыт болғанмен өнімнің 60 пайызы шетелден келеді. Қант құнының құбылуы доллар бағамына байланысты. Ал бағаны 15 пайыздан жоғары қосқан бизнес өкілдері тексеріледі.
Ербол Қарашөкеев, Ауыл шаруашылығы министрі: «90 мың тоннадай қант бар. Тұрақтандыру қорларында, сауда обектілерінде 38,2 мың тоннадай бар. Одан басқа Қазақстан Республикасына 31 тамызға дейін 250 мың тонна көлемінде ақ қант пен шикі қантты бажсыз әкелуге құқығы бар. Ол квоталар қазір бөлініп жатыр».
Шынар Оразова