Қаңтар оқиғасы: 2402 полиция және 990 әскери қызметкер жараланған

126

Ішкі істер министрілігі тонау фактілері бойынша жаңа ақпараттармен бөлісті. Тонаушылар тәртіпсіздік кезінде техника, алтын бұйымдар, тіпті киім-кешек те ұрлаған. Жалпы шығын сомасы шамамен 300 миллион теңгені құрап отыр. Тергеу департаментінің бастығы зардап шеккендер мен ұсталғандар жайлы, сондай-ақ күдікті азаматтар туралы полицияға хабарлаудың маңызын атап өтті.

Алтын бұйымдар, тұрмыстық техника, киім-кешек. Қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде тонаушылар құнды дүниенің бәрін қолды қылған. Бүгінде келтірілген шығын сомасы 288 млн. теңгені құрап отыр. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығы мәлімдеді.

Санжар Әділов, ҚР ІІМ тергеу департаментінің бастығы: «Тек өткен апта ішінде мүлікті және қаруды ұрлау фактілері бойынша 7 күдікті ұсалып, соттың санкциясынан қамаққа алынды. Мысалы, Алматы қаласында болған жаппай тәртіпсіздіктер барысында 5 адамнан құрылған топ полиция қызметкерлерінің арнайы құралдарын және қаланың 4 дүкенінен әртүрлі тауарларды жымқырған. Жедел іс-шараларды өткізу барысында полиция қалқандары, 2 электросамокат, 2 теледидар, 3 ноутбук, компьютер техникасы мен жаңа брендті киім-кешек алынды».

Қазіргі уақытта қамауда отырғандар қатарында Түркістан облысының 2 азаматы бар. Олар Алматыда көше банкоматын бұзып, 1 миллион теңгеден астам қаражат жымқырып кеткен. Дегенмен, олардың іс-әрекеті бейнекамераларға түсіп қалған. Сонымен қатар, Алматыда тағы 2 түркістандық азамат техника, оның ішінде 5 фотоаппарат, ноутбук, 3 телефон және ерлер киімі мен 11 зергерлік бұйымды ұрлағаны үшін ұсталған.

Санжар Әділов, ҚР ІІМ тергеу департаментінің бастығы: «Жаппай тәртіпсіздік кезінде 1502 бизнес объектісі шабуылға ұшыраған. 1360 сауда объектісі мен дүкен, 36 банк офисі мен көшедегі банкомат, 31 қоғамдық тамақтану орны, 26 ломбард, 21 жанармай құю бекеті, 6 базар мен кәсіпкерліктің басқа да объектілері».

Тонау фактісі бойынша, сондай-ақ терроризм мен полицейлерге қарсы күш көрсетті деген күдікпен ұсталғандардың барлығы сотталады.

Елдос Қилымжанов, Бас прокуратураның 1- қызмет бастығының орынбасары: «Жедел-тергеу топтарының өндірісініде 3666 сотқа дейінгі тергеп-тексеру істері бар. Терроризм актілері мен жаппай тәртіпсіздік туралы істен басқа тонау, ұрлық, қаруды ұрлау, құқық қорғау органы қызметкерлеріне қатысты күш қолдану фактілері тергелуде. Аталған санаттан 162 айыпталушыға қатысты 101 қылмыстық іс сотқа жолданды. 62 адамға түрлі жазаларға сотталды».

Қазір тергеу изоляторында 751 адам бар. Жалпы қаңтар оқиғасы кезінде 2402 полиция қызметкері мен 990 әскери азамат түрлі дәрежедегі жарақат алған. Бүгінде ұрланған қарудың 1069 бірлігі табылған.

Елдос Қилымжанов, Бас прокуратураның 1- қызмет бастығының орынбасары: «Алматы қаласы Алмалы ауданының сотының үкімімен Оңтай және Жеңісхан «Алпамыс» аңшылық дүкенінен қаруларды ұрлағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот аталған адамдарға 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады».

100-ден астам қару-жарақты азаматтардың өздері ерікті түрде тапсырған. Ал заңсыз сақталған қаруды іздеу және оларды қайтару жұмыстары жалғасып жатыр.

Санжар Әділов, ҚР ІІМ тергеу департаментінің бастығы: «Қазіргі уақытта алынған қарудың жалпы саны 1069 бірлікті құрайды. Оның ішінде 123 автомат, 231 тапанша, 263 тегіс-ұңғылы мылтық, 84 бірлік кесілген қару, 168 граната, 9 гранатомет, 2 пулемет, одан басқа 21 759 оқ-дәрі табылып алынды».

Ал Ақтөбеде көлікпен бірнеше полиция қызметкерін қағып кеткен күдікті ұсталды. Ол ұялы телефонға түсірілген бейнежазба арқылы қолға түскен. Ер адам 5 қаңтарда ВАЗ автокөлігімен, облыс әкімдігінің алдында полицейлердің қоршауын үлкен жылдамдықпен соққан.

Елдос Қилымжанов, Бас прокуратураның 1- қызмет бастығының орынбасары: «Нәтижесінде 4 полиция қызметкері дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды. Полиция қызметкерлерінің өміріне қол сұғушылық әрекеті үшін азамат соттың санкциясымен қамауға алынды».

Тәртіп сақшылары күдікті адамдар туралы немесе атыс және суық қаруды заңсыз сақтау және сату жайында ақпаратты полицияға хабарлауды сұрайды. Полицейлер заңсыз сақталған қару кез келген уақытта бейбіт тұрғындарға қарсы қолданылуы мүмкін екенін ескертеді.

Гүлдана Дәурен