Қаңтар оқиғасы: Мәжіліске құқық қорғау органдарының басшылары шақыртылады

78

Мәжіліс депутаттарының Қазақстанның Бас прокурорына айтары бар. Олар құзырлы органдар «қаңтар қасіретіне» байланысты қоғам сұрақтарына жауап беруі керек деп есептейді. Тергеу қалай жүріп жатыр және кімдер кінәлі?

Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында құқық қорғау органдары қайғылы қаңтар бойынша тергеу кезінде азаматтардың заңдылығы мен құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуі тиіс деп бірнеше рет айтқан болатын. Депутаттардың тергеу ісіне араласуға құқығы болмаса да, халық жауапты органдардан қаңтар оқиғаларына байланысты сұрақтарға жауап күтіп отыр.

Жанарбек Әшімжан, Мәжіліс депутаты: «Мен қаңтардың қаралы күндері ең ауыр жағдайларды бастан кешкен Алматы облысы мен Алматы қаласында болып, Мәжіліс депутаты ретінде қалың бұқарамен және істі болып жатқандардың туыстарымен арнайы кездестім. Абақтыда жатқандардың ата-аналарының талаптары бойынша Талдықорған қаласындағы тергеу изоляторында болып, жастармен де жүздесіп, сөйлестім. Себебі – істі болып жатқандардың ата-аналары, туыстары тарапынан «тергеу изоляторларында нағыз азаптаулар, қылмысты күшпен мойындатудың адамтөзгісіз түрлерін қолданып жатыр» дегенді алға тартты».

Халық қалаулылары құзырлы органдар «қаңтар қасіретіне» байланысты қоғам сұрақтарына жауап беруі керек деп есептейді.

Жанарбек Әшімжан, Мәжіліс депутаты: «Дәл қазір тергеу ісі жүріп жатыр. Түсінеміз, тергеу ісінің өз процесі бар. Алдағы уақытта сот үкімі де кезең-кезеңімен шыға жатар. Алайда арада екі ай уақыт өтсе де қоғам сол қасіретті оқиға туралы неге бастапқы ақпараттарға қол жеткізе алмай отыр? Бұл – ең бірінші кезекте мемлекеттік төңікеріске жасалған қадам деген сөз айтылды. Ал елдіктің тамырына балта шабуды көздегендердің көшіне ілесіп, еліміздегі ірі қалалардағы әкімшілік орындары мен бизнес нысандарына, күштік құрылым ғимараттарына шабуылдағандар кімдер? Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырғандар, қару ұрлағандар кімдер? Қанша адам жәбірленді? Жапа шеккен кәсіпкерлер мен зәбір көрген азаматтарға толыққанды көмек көрсету үдерісі қашан аяқталады? Арандаған кімдер? Арандатқан кімдер? Өртеніп жатқан ғимараттарға бас-сирағын үйтіп жүргендер кімдер? Изоляторлардағы жатқандардың жай-күйі қалай? Олардың құқығы қай деңгейде сақталуда? Қылмыстық іс қашан аяқталады? Сотқа қашан жіберіледі? Жалпы сол күндері қандай жағдай орын алды? Міне, қоғам тарапынан қойылған осы сұрақтар әлі ашық күйінде тұр».

Бүгінгі таңда терроризм актілері, кісі өлтіру, қару-жарақ ұрлау және жаппай тәртіпсіздік бойынша 3000 мыңнан астам қылмыстық іс тергеліп жатқаны анықталды. Тергеу изоляторында қазір қаралы қаңтардағы жағдай бойынша 737 адам отыр. Ұсталғандардың арасында шетелдік азаматтар да бар.

Әлихан Файзханов