Сарапшылар: Президенттің жолдауы Қазақстанның дамуына серпін береді

33

Жолдау жаңа Қазақстанның бағыт-бағдарын айқындайды. Сарапшылардың айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған барлық бастамалар мемлекеттік институттар жүйесін түрлендіруге, азаматтық белсенділікті арттыруға, әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған. Олар сарапталған жолдауды сапалы жүзеге асыру – ендігі басты міндет дейді.

Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауы елдегі басты саяси оқиға. Мұхтар Әуезов атындағы оқу орнының мәжіліс залына жиналған түрлі саланың мамандары осындай пікірде. Бір сағатқа созылған дөңгелек үстелде саясаттанушылар, тарихшылар мен сарапшылар жолдаудың маңызды тұстарын талқылады. Қаржы кафедрасының аға оқытушысы Ғалымжан Пазилов Президент ұсынған реформаларды жүзеге асыру үшін ең алдымен жастарға барынша мүмкіндік беру қажет дейді.

Ғалымжан Пазилов, М. Әуезов атындағы ОҚУ қаржы кафедрасының аға оқытушысы: «Қандай реформа болмасын, бұл екінші жағынан жауап ретінде талпыныс болуы керек халықтың арасында. Сонда ғана бұл нәтиже беретін реформа болады деп ойлаймын. Осының механизмін ойластырып, әсіресе мына жастарды еңбекқорлыққа, отансүйгіштікке, бірден жетістікке жету емес, біртіндеп еңбектің арқасында жетістікке жетуді тәрбиелеу мәселесін балабақшада, мектепте, ЖОО-да насихаттап отырып жеткізуіміз керек».

Мемлекет басшысы Жолдауда айтқан ең басты мәселе – Президенттің өкілеттіліктерін азайтып, оның билігін шектеу жайы. Қасым-Жомарт Тоқаев супер-президенттік басқару жүйесінен кетіп, ықпалды Парламенті бар президенттік басқарудағы республикаға айналуымыз керек екенін айтты. Заң ғылымдарының кандидаты Атақожа Исмаилов бұл Президенттің мемлекеттің мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя білетін нағыз саяси қайраткер екенін көрсетеді дейді.

Атақожа Исмаилов, заң ғылымдарының кандидаты: «Бір қолға шоғырландырмай, яғни барлық жауапкершілікті Президент алмауы керек қой. Өйткені, оның қол астында бүкіл билік аппараты бар. Солар да жұмыс істеу керек қой. Яғни, жауапкершілікті соларға да күшейтті енді. Жауапкершілік күшейді деген сөз – барлық билік органдары халыққа жұмыс істейді деген сөз».

Ал Шымкент қалалық мәслихатаның депутаты Дария Қожамжарова жолдау Жаңа Қазақстанның дамуына серпін болуға тиіс деп есептейді.

Дария Қожамжарова, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты: «Президентіміз атап өтті. 10 бағытты көксей отырып, жалпы саяси реформа жасауды көздеді. Ал енді басты мақсаты жолдаудың келешекте – Қазақстанның болашағын ойлау және саяси реформаларға байланысты билік өкілдерінің кейбір лауазымдарға шек қою мәселесі қарастырылды».

Жаңа реформалар биліктің халық үніне құлақ асатынынын көрсетіп отыр. Қаңтар оқиғасынан кейін Президенттің ел алдында жасаған мәлімдемелері мемлекет мүддесін қорғау мен қолдауға бағытталып, жаңаруға бастайды дейді мамандар.

Әлихан Файзханов