Сарыағашта екі ғасырдың куәсі болған әже мен көпбалалы аналар марапатталды

80

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев Нұрлы жол ауылында тұратын 102 жастағы Жадыра әжейдің шаңырағына арнайы барды.

— Жер бетіндегі жақсылық атаулы аналардың үлкен жүрегімен әрленеді десек, жылына бір тойланатын мерекеде олардың еңбектерін бағалап, құрмет көрсету — парызымыз. Сіздер өмірді нұрландырып, шаңыраққа шаттық нұрын себесіздер. Сіздердің қолдауларыңыз әркімнің жүрегінде сенімділік ұялатып, шуақ сыйлайды, — деген Мұхит Баймұханбетұлы қарт әжеймен әңгімелесіп, арнайы сый-сияпаттарын табыстады.

Жадыра әже шаңырағына арнайы құттықтай келген аудан әкіміне алғысын білдіріп, ақ батасын берді.

Кескенбаева Жадыра Төлегенқызы – 1920 жылы, 10 наурызда дүниеге келген. 1971 жылы Сарыағаш ауданына көшіп келіп, колхозда мал, егін шаруашылығымен айналысқан. Қарт ана 7 ұл-қызды дүниеге әкелген. Қазіргі таңда 35 немере, 82 шөбере, 4 шөпшек сүйіп отыр.

Халықаралық әйелдер күні мерекесі аудан орталығында жалғасын тапты. Аудан басшысы өңірге еңбегі сіңген, көпбалалы аналарға құрмет көрсетті. «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлерін марапаттады.