«Шымкенттегі мазарда бейіттер ойылып түсіп жатыр». Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіне шарлаған видеоның қысқаша мәтіні осы. Белгілі болғандай, ол видео Қайтпас-1 шағынауданында түсірілген. «Отырар» телеарнасының түсірілім тобы аталған мазарға барып, мән-жайды анықтап көрді. Қаратау ауданы әкімдігі жағдайға қатысты қандай түсініктеме берді?
Бұл Қайтпас-1 шағынаудынындағы мұсылмандар жерленген мазар. Мұнда «жаңбырдан кейін ойықтар пайда бола бастады» деген видео әлеуметтік желі қолданушыларының қызу талқысына түсті. Бірі мұны қалыпты жағдай деп қабылдаса, енді бірі жауын салдарынан бұлай болуы мүмкін емес деген пікір қалдырған.
Қаратау ауданы әкімдігінің айтуынша, қазіргі таңда жеркілікті тұрғындар мен демеушілердің көмегімен топырақ алынып, қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, ойық пайда болған молалардың басым бөлігі топырағы кеппеген жаңа бейіттер екен.
Нұржан Дүйсенов, Қаратау ауданы әкімдігінің бөлім басшысы: «Соңғы бір айдың көлемінде тоқтаусыз жаңбыр жауып жатыр, қар араласып. Ол түсіп кеткен себебі жаңбырдың себебінен. Шамамен 50-ден астам бейіттің топырағы ойылып, астына түсіп кеткен. Шамамен жартысынан көбін сол жердегі жергілікті тұрғындар, сол жердің өздерінің туған туыстары, мешіт имамдары және шырақшылар қазір жауып жатыр. Жабылмағандарының өзінің үстін кленкамен жауып қойды».
Биыл Қаратау ауданындағы мазарларды күтіп ұстауға жергілікті бюджеттен 29 300 000 теңге қаражат бөлінген. Бірақ әкімдік өкілінің сөзінше, бұл қаржы тек бейіт маңындағы қоқыстарды тазалау, шөп ору және тал қырқу жұмыстарына жұмсалады. Әрі оған шамамен 20 қызметкер жұмылдырылған.
Мөлдір Ибадуллаева