Түлкібас ауданында апатты жағдайдағы үйлердің тұрғындары шу шығарды. Састөбе кентінің жұрты 50 жыл бұрын салынған ескі баспанаға жөндеу жұмыстарын жүргізбеген әкімдікке наразы. Шенеуніктер болса, тозығы жеткен үйлерді сүріп, халыққа жалдамалы пәтер ұсынбақшы.
Түлкібас ауданы Састөбе кентіндегі мына үйлер осыдан 50 жыл бұрын салынған. Тұрғындар оның апатты жағдайда екенін бірнеше жылдан бері айтып, дабыл қағуда. Тозығы жеткен ескі үйдің қабырғасы сөгіліп, терезесі шытынап жатыр екен. Аудандық атқамінерлер жөндеу жұмыстарын жүргізуді талап еткен халыққа, сендерге жалдамалы пәтер беріледі деп айтатын көрінеді.
“Апатты үйде тұрып жатқандардың барлығына 2 бөлмелі квартира береміз деп жатыр. Ал біз оған да келіскіміз келмейді. Өйткені, біз ол жерде қанша уақыт тұрамыз, ол белгісіз боп тұр ғой. Мына жерге қашан үй соғып, өзімізді көшіргенше.”-дейді тұрғын.
Ал мынау өткен жылдың қараша айында өртеніп кеткен апатты үйдің қирандысы. Арадан бірнеше ай өтсе де, мұндағы қоқыс қалдықтары әлі жиналмапты.
Баспанасынан бір-ақ күнде айырылған отбасыларға шенеуніктер бірреттік жәрдемақы мен азық-түлік беріп қана шектеліпті. Одан кейін тағы әкімдік алдына барып көмек сұрағанда, былай деп жауап беріпті.
“Көмек жоқ деді, ұялмайсыңдар ма деді, үй өртенген кезде 40 мың теңге бердік қой, продукты бердік. Не деген бәлесіңдер деді тоймайтын. Сендерде ұят бар ма, өзі жоқ па деді.
— Кім айтты оны?
— Біздің әкім айтты. Бірінші о баста қай уақытта береміз деді. Үй өртенген кезде 10 күннен кейін береміз деген. Сонда қарашаның ортасында беруі керек еді. Желтоқсан өтті, қаңтар өтті, өткенде 22 наурыз деді, болды, міне, жоқ әлі жоқ”,-дейді тұрғын.
Аудан атқамінерлері жарамсыз деп танылған ғимараттарды сүріп, орнына қайтадан үй саламыз дейді. Ал оған дейін тұрғындарға жаңадан соғылған үйден жалдамалы пәтер береді екен.
Марат Жаңезен, Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары:
”Үйі авариялық деп танылған деп азаматтарға коммуналдық арендалық үй берілу керек заң бойынша. Бірақ оған олар келіспегендіктен, оның үстіне біздің ҚР Нұрлы жер бағдарламасына сәйкес қазіргі кезде ренновация бағдарламасы жүріп жатыр. Сол бағдарламадан кейін осындай қала, кенттердегі жарамсызданған үйлерді бұзып, оның орнына мемлекеттен арнайы сметалық құжат жасап, үй салынуы керек”
Десе де тұрғындар әкімдіктің бұл шешімімен келіспейді. Олар өздерінің тұрақты баспаналары болғанын қалап отыр. Сондықтан, үйсіз қалған азаматтар бұл мәселені облыс басшылығы назарға алса екен дейді.
Алихан Файзханов