Шымкентте тағы да жер дауы. Тұран шағынауданындағы жер учаскелері мемлекет мұқтаждығы үшін алынады деген естіген тұрғындар шу шығарды. Сөздерінше, әкімдіктегілер жерге қатысты бас жоспарды аяқ асты өзгертіп, ол аумақты жеке компанияға көпқабатты үй тұрғызу үшін бермек екен. «Баспанымызды сүруге жол бермейміз» деген халық бүгін әкімнің алдына дейін барып, даулы мәселеге нүкте қоюын талап етті.
Тұран шағынауданы тұрғындарының әкімдіктегілерге өкпесі қара қазандай. Олар халықтың жылдар бойы бар күш-қуатын сарп етіп, тірнектеп тұрғызған үйін шенеуніктер мемлекет мұқтаждығы үшін деген желеумен тартып алмақшы дейді. Ал жұрттың заңды жерін жеке инвесторға көпқабатты тұрғын үй салуы үшін береді екен.
Бауыржан Сәметай, Шымкент қаласының тұрғыны: «250-дей үй бұзылмақшы, ар жағында жалпы учаске санымен 750 учаске мемлекет мұқтаждығы үшін керек болып жатыр дейді. 2016 жылы бас жоспар бекітілген бұл жерге мектеп, балабақша бекітіліп қойған. Бәрі көрсетіліп қойған негізі. Халық саны өсіп жатыр дейді. Әйтенов мырза 2021 жылы халық саны миллионға жететінін білмедік дейді. Статитистика агенттігі деген бар, олар 2016 жылы бас жоспар істегенде ойлануы керек еді».
Тұрғындардың сөзінше, 750 жер учаскесі мемлекетке қайтарылу мақсатында сүріледі екен. Ал мұндағы халық баспанаға инфрақұрылымды өздері ақысын төлеп, жүргізген. Бірақ тапқан-таянған дүниесін үйіне жұмсаған жұрт әкімдіктегілер жерімізді алып қойса, далада қаламыз ба деп қорқады. Сондықтан, қандай жағдай болмасын отырған орнымыздан тапжылмаймыз дейді.
Ашулы жұрт әкімдіктің алдына жиналды. Олар шаһар басшының халық алдына шығып, мәселенің оңтайлы жолмен шешілуін талап етті. Бірақ қала әкімінің қабылдауына келген жұртты алдымен Әйтеновтің орынбасары жұбатпақ болды.
Райынан қайтпаған жұртты әкімдік қызметкерлері ақыры ішке кіргізді. Дәл сол уақытта қабылдау өткізіп жатқан қала басшысын тұрандықтар біраз күтті. Соңында халық алдына келген қала әкімі барлық мән-жайды түсіндіруге тырысты.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Енді қазір республикалық қала болғаннан кейін қалаға өзгеріс жасап жатырмыз. Ол өзгеріс жасалғанда бүгінгі күнгі ұсыныс. Оның бәрі ертең бекіту үшін қаламен келіседі. Оның бәрі өзгерістер қаралады. Бүгінгі күнде ешкімнің жерін ешкім тартып алмайды. Ол 50 жылдан кейін орындала ма, 40 жылдан кейін орныдала ма, жәй отырғызу.
— Үйді бастай берсек бола ма?
— Бос жатқан жерге жерге бекітілген 16 жылғы жоспар болса, АПЗ бәрі беріледі, салуға рұқсат».
Қала әкімі тұрғындардың бәрі жаппай үйлердің сүрілуіне қарсы болса, қалаулары орындалады деп сендірді. Бірақ тұрғындар бұл сөздер тек құрғақ уәде боп қалады деп алаңдайды. Сондықтан, алдағы уақытта бас жоспар тағы да өзгеретін болса, тұрандықтар қарап қалмайтындығын айтады.
Әлихан Файзханов