Ұн бағасы күрт қымбаттауы мүмкін…

150

Ұн бағасы күрт қымбаттауы мүмкін. Өйткені, бидайдың құны екі аптада 20 пайызға өскен. Ал шаруалардың кейбірі көктемгі егіс науқанына уақытылы кірісе алмауы ықтимал. Себеп-сырттан келетін импорттық тауарлар кешігіп жатыр. Ресейдің астық экспортына тыйым салуы да жағдайды қиындатып отыр.

Қазақстан тұқымның 70 пайызын Ресейден алады. Ал көрші ел астық экспортына уақытша тыйым салды. Бұл да шаруаларды нағыз жұмыстың қызар шағында тығырыққа тіреді. Көбі келісімге қол қойып, ақшасын төлеп қойған. Тек жеткізілуін ғана күтіп отыр. Диқандар енді Үкімет тарапынан жасалып жатқан келіссөздерден үмітті. Дегенмен, қымбатшылық салдарынан шаруалар астық бағасының өсетінін жасырмайды.

Қазыбек Омаров, Қазақстан астық одағының ресми өкілі: «Бағаның өсуіне ешқандай қосымша субсидиялау немесе қосымша көмек қарастырылмаған. Сондықтан, ол ауыл шаруашылығы өндірушінің тікелей мойнына ілінеді және күзгі астықтың бағасына қосылады. 25-30 пайызға өседі деген ойдамыз».

Ал астық өңдеушілер экспорт көлемін шұғыл азайтуды талап етіп отыр. Әйтпесе, ішкі нарықта бидай мен ұнға тапшылық күрт артады. Қазірдің өзінде ұсыныс азайып кеткен.

Әлихан Талғатбек, ҚР Астық өңдеушілер одағының вице-президенті: «Маусым, шілде айларында біз ұнсыз қалуымыз мүмкін. Беріліп жатқан есептері күмәнді. Осыдан 2 апта бұрын бір тонна бидай 120 мың теңге болса, қазір 30 мың теңге өсіп кетті. Соның өзінде табу қиын. Сондықтан, қорды артығымен ұстау керек. Жалпы, шикізатты сыртқа шығара бергеннен көрі, өзімізде өндіріп, дайын өнім ретінде сатсақ анағұрлым ұтатын едік».

Нарықтағы жағдай алдағы айларда азық-түлік бағасына әсерін тигізетіні анық. Баға күрт өсуі ықтимал. Өйткені, ұн мен бидайдан бастап, жем-шөпке дейін астықтың құнына тәуелді.

Шынар Оразова