Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың қаңтар айында Парламент Мәжілісінің отырысында, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі жиында сөйлеген сөзінде мемлекеттік аппараттың жұмысына жаңаша көзқарас қажет екенін және мемлекеттік қызмет жүйесі іс-жүзінде сервистік сипат алып, клиентке бағдарлануы үшін түбегейлі өзгерісті талап ететінін атап өткен.
Бүгінде, қоғамда болып жатқан өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жаңаша ұйымдастыру қажет екендігін ұғындырып отыр.
Осыған орай, мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілігі және қызметтік әдеп мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 22 ақпандағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің жаңа редакциясы бекітілді.
Жаңа Әдеп кодексі қызметтік әдеп стандарттарын белгілейді және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға негіз болып табылады.
Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебіне жоғары талаптар қояды.
Ал, қоғам мемлекеттік қызметшілер өз міндеттері мен функцияларын заңдарға сәйкес барлық адал ниетімен және тиімді түрде орындайды деп есептейді.
Осыған орай, халықтың мемлекеттік қызметшілерге деген сенімін нығайту мақсатында әр мемлекеттік қызметші өзіне жүктелеген жауапкершілікті абыроймен жүзеге асыруы керек.
Осы негізде, жаңа редакцияда Кодекстің құрылымы өзгертіліп, «Мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары» деп аталатын жаңа тарау енгізілген.
Осыған сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарланушылық сынды алты қағидатқа негізделген.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) төрағасы Д.Жазықбаев өз кезегінде: «Әдеп кодексінің жаңа нұсқасында «адамға бағдарланған» мемлекеттік аппарат қалыптастыру, мемлекеттік қызмет көрсетудегі ашықтық қағидаларының сақталуына басымдылық беретін талаптар енгізіліп отыр» деп атап өткен.
Яғни, байқағанымыздай алдағы уақытта мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің негізгі тұтынушысы саналатын халықтың талабына барынша икемді, жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын болуы және өз жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс.
Жаңа Әдеп кодексі ең алдымен қызметтік әдеп стандарттарын белгілеуге бағытталған және мемлекеттік қызметшілердің бойында моральдық-адамгершілік қасиеттерді орнықтырудың негізі болып табылады.
Егер бұрынғы Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар моральдық-адамгершілік талаптар мен олардың мінез-құлқының негізгі қағидаттары бірге қаралып келген болса, жаңа редакцияда бұл олқылықтар жойылып, мемлекеттік қызметшіге қойылатын әдеп талаптары мемлекеттік қызметшінің қызметтік әдебіне қатысы жоқ ережелерден бөлек, өз алдына жеке қарастырылып отыр.
Мысалы, мемлекеттік қызметші іскерлік әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларын сақтауға, азаматтардың көз алдында өздері өкілі болып табылатын мемлекеттік органдардың абыройы мен беделіне айқын нұқсан келтіретін әрекеттер жасауға жол бермеуге тиістігі сынды өзге де талаптар енгізілген.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидалары мен Әдеп жөніндегі кеңестер туралы ережеге өзгерістер енгізілді.
Тәртіптік жаза қолдану қағидаларында қызметтік тергеп-тексеру, тәртіптік комиссия материалдарын қарау тәртібі және тәртіптік комиссияның ұсынымы бойынша уәкілетті адамның шешім қабылдау мерзімдері нақтыланды.
Сонымен бірге, Агенттіктің Әдеп жөніндегі комиссиясына облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдері орынбасарларының, облыстық маңызы бар қалалардың, облыс аудандары мен қала аудандары әкімдерінің, облыстардың әкімшілік орталықтары болып табылатын қала әкімдерінің, комитеттер төрағаларының, сондай-ақ облыс әкімі аппарат басшыларының қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны және мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтар жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілігін қарауға өкілеттік берілген.
Кодекс халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған.
Мемлекеттік органдардың басшылары, орталық атқарушы органдарда – орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары немесе белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органдардың жауапты хатшыларының өкілеттіктері жүктелген лауазымды адамдар, ал орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары немесе аталған лауазымды адамдар болмаған жағдайда – орталық атқарушы органдардың басшылары осы Кодекс талаптарының орындалуын, осы Кодекстің мәтінін мемлекеттік органдардың ғимараттарында баршаға көрінетіндей жерде орналастыруды қамтамасыз етеді.
Жоғарыда көрсетілгендей, қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенім деңгейін арттырып, халықпен кері байланысты жақсарту бағытында мемлекеттік қызметшілердің тарапынан жүйелі жұмыстар атқарылуы керек.
Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Әдеп кодексі қызметтік әдеп нормаларын дұрыс түсінуде және қолдануда ерекше маңызға ие болып отыр.
Айбек Ақбергенұлы ШІЛМАНОВ
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша депаратментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы