Облыстар арасындағы бюджетаралық қатынас жетілдіріледі. Бұл өзара әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақтылығын сақтап, ішкі теңгерімсіздік деңгейін қысқартады дейді Ұлттық экономика министрлігі. Алайда, Сенат депутаттары өңірлерге түсетін кірістердің азды-кем шарапатын жергілікті бюджеттер көру керек дегенді айтады.
Мәселен, депутат Мұрат Бақтиярұлы жергілікті бюджеттердің республикалық бюджеттен бөлінетін қаражатқа тәуелділігін азайту керек,- дейді. Сондай-ақ, ол шағын және орта бизнестен түсетін қосымша құн салығын өңірлерде қалдыру туралы идеяны ұсынды. Сенатор ұсынған мәліметке сүйенсек, 2012 жылы республикадан субвенция ретінде өңірлерге 880 млрд теңге берілген. Ал биылғы көрсеткіш 2 трлн 124 млрд теңгені құрайды. Яғни тәуелділік көрсеткіші 2,5 есе өскен дейді депутат.
Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Естеріңізде болса, 1990 жылдары қосымша құн салығы жергілікті бюджеттерде болатын. Онда әкімдер әрбір ларектардан, әрбір базардан барып салықты алуға олар мүдделі болатын. Жүгіріп жүретін. Өкінішке қарай соның бәрінен айырылып қалдық Қазір аумақтардың өз табысын көбейтуге әкімдердің ынтасы жоқ».
Әлібек Қуантыров, ҚР ұлттық экономика министрі: «Осы мәселені біз қосымша талқылаймыз. Жұмыс тобының шеңберінде және әкімшіліктермен бірге. Жалпы, ірі компанияларды айтып кеттім. Мүмкін НДС бойынша оны пилоттық жоба ретінде қарастырамыз».
Шынар Оразова