97 жастағы ардагер Қадыр Атажанов соғыс жылдарын еске алды

118

Ұлы Отан соғысының ардагері Қадыр Атажановтың өмірі жайлы тұтас бір фильм түсіруге болады. Ардагер 17 жасында майданға аттанып, соғыста мерген болған. Жарақат алғанымен, ең үздік мерген-жауынгердің бірі болды. Қазір Қадыр ата 97-де, оның 37 немересі және 17 шөбересі бар. Ақсақал бүгінге дейін салауатты өмір салтын ұстанады.

Қадыр Атажанов зұлмат соғыс жылдарын жиі еске алады. Ол 1942-ші жылы Кеңес Әскері қатарына шақырылған. 17 жастағы ерікті жауынгер, майданда мерген болды. Ардагер фашистерді қалай қолға түсіргенін және жауды тұтқындап, өлтіруге мәжбүр болған сәттерін есіне алғанды ұнаптайтынын айтады.

Қадыр Атажанов, Ұлы Отан соғысының ардагері: «Бізбен бірге майданға 13-14 жастағы балалар да барды, тіпті арасында жас қыздар да бар еді. Жасы да, кәрісі де соғысқа аттанды. Абырой болғанда Кеңес Одағы жауды жеңді. Бұл бірлік жолындағы жеңіс болды. Біз соғыс туралы, жауынгерлеріміздің ерлігі туралы қанша айтсақ та аз».

Олар атақ немесе медаль алу үшін күрескен жоқ. Бейбіт болашақ үшін, елдің жарқын ертеңі үшін жауға қасқая қарсы тұрды. Қадыр ата соғыс уақытында бүкіл Украинаны аралап, Чехословакияға дейін жеттік дейді. Ол ірі қалаларды азат етуге қатысқан. Ал Польшаға жеткенде бар күшіміз сарқылған еді дейді ақсақал. Абырой болғанда көмекке әскер уақытында келген.

Қадыр Атажанов, Ұлы Отан соғысының ардагері: «Біз қару-жарақ пен техника жағынан мықты болдық, танктеріміз жауға дес бермеді. Ал немістер оқ жаудырмауымызды өтініп, офицерлері де, сарбаздары да қаруын тастап, берілді. Сонда біздің командир бізге оқ жаудырмауға бұйрық берді».

Қадыр ата Жеңіс күнін Чехословакияда қарсы алған. Кейін үйіне оралып, отбасын құрып, жеті бала тәрбиеледі. Қарияның 37 немере, 17 шөбере және үш шөпшегі бар. Ардагер оларға соғыс жылдары басынан не өткенін үнемі айтып отырады. Сондай-ақ, ақсақал жас ұрпақ соғыс дегеннің не екенін білмей, бейбіт өмір сүрсе деген үлкен тілегін білдірді.

Гүлбахар Атажанова, келіні: «Атамыз әлі де бақуат. Әрқашан өз-өзін күтіп ұстайды. Тіпті төсек-орнын да ешкімге жинатпайды, бәрін өзі істегісі келеді. Меніңше, бұл оның жастайынан келе жатқан өзіндік қағидасы. Ол соғыс туралы жиі еске алаып тұрады, бізге айтып береді. Қорқынышты кезеңдер болған ғой, Құдайдан ондай нәрсенің енді қайталанбауын тілейміз».

Гүлдана Дәурен