Түркістан облысы Қазығұрт ауданына қарасты Ақбастау ауылында жалғыз балабақша бар. Алайда ол да жабылудың аз-ақ алдында тұр. Мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері 3 айдан бері жалақысын да алмаған. Балабақша меңгерушісі болса 1 ай ішінде мемлекеттен көмек берілмесе, ары қарай жұмысты жалғастыра алмайтынын айтады.
Махира Шерметова Қазығұрт ауданына қарасты Ақбастау елдімекеніндегі жалғыз балабақшаның меңгерушісі. Ол бүгінгі таңда балабақшаға қажет заттарды өз қаржысына алып отыр. Ал қызметкерлерге соңғы үш айда жалақы берілмеген. Қыркүйек айында жан басына шаққандағы қаржыландыру бойынша ашылған мекеме әлі күнге дейін мемлекеттен бірде-бір рет қаражат алмапты.
Махира Шерметова, балабақша меңгерушісі: «Былтырқыркүйек айынан бері ашылды. 100 орындық балабақша бізде, бірақ қазір менде қаржы жағынан аздау болғаннан кейін 50-60 бала қабылдаймын. Бұл жерде орта есеппен есептегенде 60 млн. теңге кетті. Одан да бөлек қанша несиемізз бар басымызда осы балабақшаны ашқалы бері. Шенеуніктерден ешқандай көмек болып жатқан жоқ, олардың айтары «конкурс жариялаймыз, облыстан ақша бөлінсе сол кезде өткіземіз деп отыр. Бәрі өз қалтамнан, айлықты да өз қалтамнан, балаларға тамақты да өз қалтамыздан беріп. Қазір қолымда 6 жұмысшым бар.12 жұмысшы бар еді, оларға қаржы төлемегеннен кейін, олар жұмыстан босап кетті».
Ата-аналар балабақшаға ай сайын 5 мың теңге көлемінде жарна төлейді екен. Дегенмен, 60 баланың 20-сының оны да төлеуге жағдайы келмейтін көрінеді. Ал 40 адамнан түсетін 200 мың теңге балалардың күнделікті азығынан артылмайды. Балабақшаның дәретханасы сыртта орналасқан, ал бейнебақылау камералары мүлдем жоқ. Егер мемлекеттен қаржы бөлінсе, барлық талапқа сай жұмыс істейтін едік дейді бақша мамандары.
«Азанғы асқа каша мен нан-май бердік,түскіге бірінші және екінші тамақ екі тамақ, біріншісіне сорпа, екіншісіне қою тамақ, бұл түс қайтаға шамамыз келгенше өзіміз істеп жатырмыз. Қаржыландырмаған, ақша бөлмеген. Алманы үйден алып кеп береміз әрқайсымыз. Қаржыландыру жоқ, айлық жоқ, ақша беріліп жатқан жоқ. 8 айдан бері айлық алып жатқан жоқпыз. Аз-аздан береді, бірақ кәдімгідей айлық жоқ та бізде», дейді мамандар.
Ал Зухра Демеуова елдімекенде балабақша ашылмас бұрын немерелерін шамамен 10 шақырым жердегі басқа ауылға апарып жүріпті. Алайда, балаларды тасымалдаудың өзі үлкен қиындық туғызатын дейді ол. Тіпті күн суықта көлік бұзылып, балалар жолда қалған күндер де болған көрінеді.
Зухра Демеуова, Ақбастау ауылының тұрғыны: «2 немерем келеді. Жас ұрпақты пәлен шақырым жерге балаларын апарады. Ол апаруда көптеген қиындықтар болды. Жолда қалды көлік, ол келмей қалды, балалар қыстыгүні жолда көлікпен қалып қойды. Сондай қиыншылықтардың бәріне шыдап, артынан ерген ұрпақ үшін соның бәрін істеді ата-аналар. 10 шақырымға апаратын едік. Ауылда мектеп жасына дейінгі 100-ге жуық бала бар».
«Балабақша ашып, балаларға тәлім беріп қана қоймай, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтысақ деген ниет болды»- дейді, балабақша меңгерушісі. Алайда, тұрақты жалақы алмаған соң, 12 қызметкердің алтауы жұмыстан шығып кеткен. Ал аудандық білім бөлімінің басшысы балабақшаның мемлекеттік тапсырысты жеңіп алуға толық мүмкінігі бар, алайда ол үшін конкурсты күту керек дейді.
Асан Үйсінбаев, Қазығұрт аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы: «Жылдың басында меңгерушісін шақырып, бөлімнің мамандарына тапсырма беріп, балалардың бәрін тіркедік. 2021-ден бастап, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы бос орындарға мемлекеттік тапсырыстың конкурсын жариялайды. Сол конкурске қатысып, толыққанды мемлекеттік тапсырысты ала аласыз деп айттым. Ол кісі құжаттарын тіркеп, СЭС қорытындысын алып қойған. Жүз пайыз ала алады».
Ақбастау елдімекенінің мектеп жасына дейінгі балалары бұған дейін Қарабұлақ ауылдық округіндегі балабақшаға тасымалданған. Ал білім бөліміндегілер елдімекенде жекеден өзге балбақша салу жоспарда жоқ дейді. Себебі бала саны жетпейді.
Гүлдана Дәурен