Соңғы аптада елімізде әлеуметтік маңызы бар тауарларға үстеме бағаны 15 пайыздан асырған 230-дан астам дүкен анықталды.
Кәсіпкерлермен түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қазір елімізде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 635 мың тонна қоры бар. Тапшылық болады дегенге негіз жоқ. Өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы 0,9 пайызға өскен.
Бағаның күрт өсуі Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қызылорда облыстарында тіркеліп отыр. Ал жыл басынан баға 12,4 пайызға өскен. Қазір нарықтағы жағдайды мүмкіндігінше тұрақтандыру бойынша кешенді шаралар қолға алынып жатыр. Дегенмен, кейбір базар басшылары саудагерлерге жеке талаптарын қойып, бағаны өздері қоятыны да анықталып отыр.
Айдар Әбілдабеков, ҚР СИМ сауда комитеті төрағасының орынбасары: «Көтерме саудамен айналысатын кейбір ірі базарлар нарық бағасымен санаспайды. Делдалдар бағаның өсуіне ықпал етіп жатыр. Кейбір базар басшылары бағаны өздері белгілейтін жағдай да бар. Саудагерлерге өз талаптарын қояды. Осыған орай ірі көтерме сауда базарлары мен қойма басшыларына, егер тұтынушылардан шағым түссе жоспардан тыс тексеру жүргізілентінін ескерткім келеді».
Шынар Оразова