Балабақшаға кеткен бүлдіршін операция залынан бір-ақ шықты

89

Балабақшада «тасқа сүрініп» құлаған 1 жарым жасар балаға ота жасалды. Отырар ауданындағы «Болашақ» балабақшасының тәрбиеленушісі қазір ауруханада ем қабылдауда. Ал, баланың анасы Ажар Пернебек баласына қатысты оқиғада салғырттық танытқандар өз жазасын алсын деп талап етіп отыр.

«Таңертең балабақшаға жіберген балам ауруханадан бір-ақ шықты». Осылай деп шырылдаған ана кінәлілер жазалансын деп отыр. Қазір денесінің сау тамдығы қалмаған бір жарым жастағы Ханға ота жасалған. Оқиға Отырар ауданы, Шәуілдір ауылындағы «Болашақ» балабақшасында орын алған. Аудандағы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы болса, бала жай ғана тасқа сүрініп құлаған дейді.

«Сол күні ата-аналардың бастамасымен балабақша тәрбиеленушілерін тасымалдайтын «Опель» маркалы жеңіл автокөлігінен заңды өкілінің еріп жүруінсіз, яғни ата-анасынсыз түсіп, өз тәрбиешісіне қарай жүгірген кезде тасқа сүрініп құлаған. Салдарынан баланың беті мен бас терісі сырылған, аяғының сан сүйегі сынған».

Алайда Ажар Пернебек бұл жауапқа иланбайды. Ол балабақша қызметкерлерінің бір жасырғаны бар дейді. Өйткені, оқиға таң сәріде орын алғанымен анасына тек түске жақын хабар беріпті. Анасының сөзінше, балаларды тасымалдайтын көлік мекеме маңына жеткенде мәшинеден түсіп үлгермеген Ханды біраз жерге дейін сүйреп апарған болуы мүмкін. «Әйтпесе жерге құлаған баланың саны сынып, басы жарылушыма еді» деп шырылдаған ананы, балабақша қызметкерлерінің әлі де болса жағдайға немқұрайлы қарап отырғаны ашындырады.

«Маған әншейін машинадан құлап қалды деп айтып отыр. Шындығын айтпай жатьр. Мені мазақ қылып отыр. Маған балабақшаның бастығы келді. «Қанша керек ақша барлығын береміз. Жазба, не қыласың? Әлі жассың ғой, туып аласың ғой» дейді. Мен не оларға туа беретін мысық, күшік пе едім», дейді анасы.

Қазір кішкентай бүлдіршін облыстық балалар ауруханасында ем қабылдауда. Оған оқиға орын алған күні түнде ота жасалған. Қазіргі жағдайы орташа-ауыр.

«Бүгін менің басымнан өткен жайт, ертең өзгелерге келмесіне кім кепіл» деген ана балабақша жабылсын деген талап қойып отыр. Өйткені, өзге балалар да осылай зардап шекпесе екен дейді. Жалпы, қазіргі таңда бұл іске байланысты қылмыстық іс қозғалған. Алайда тек көлік жүргізушісіне қатысты ғана.

Гүлнар Әбдірахманқызы, Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы: «Қазіргі таңда Отырар аудандық полиция бөлімінің полицейлері ҚР ҚК-нің 345-бабы «>Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша жеңіл көліктің жүргізушісіне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Полицейлер баланың қалай жарақат алғанын және жарақат алуына не себеп болғанын, сонымен қатар осы оқиғаға қатысты басқа да мән-жайды тексеруде. Оқиғаның толық мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады».

Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, бұл оқиғаға қатысты тек жекеменшік көлік иесіне ғана шара қолданылатын сияқты. Ал, балаға қарайтын тәрбиеші мен балабақша ұжымы жауаптан жалтарып қала ма деген күдік бар.

Айта кетейік, қазіргі таңда Ханның ақылы отасы мен дәрі-дәрмегін туған туыстары төлеп отыр.
                                                                                         Мөлдір Ибадуллаева