Дәретхана қағазы қымбаттауы мүмкін…

278

Жыл басынан бері тек азық-түлік тауарлары ғана емес тұрмыстық заттардың бағасы да шарықтап барады. Олардың қатарында тіпті дәретхана қағазы да бар. Сатушылардың айтуынша тауардың бұл түрі қазірге тапсырыс бойынша жеткізіліп отыр. Алайда, айтулы өнімді өндірушілер шикізат мәселесі тез арада шешілмесе, өндірісте проблемалар басталатынын айтады.

Әділет Сейдалиевтің саудамен айналысқанына 13 жыл болыпты. «Әлемдегі орын алған жағдай кәсібімізге де әсерін тигізіп жатыр. Егерде бұрындары тұрғындар тұрмысқа қажетті заттарды көптеп алса, қазір қалтасына қарап сауда жасайды», – дейді сатушы.

Әділет Сейдалиев, сатушы: «Қазір тек тұтынатын тауарын алуға тырысады. Арзанын ғана. Бұрын 24 данасын алса дәретхана қағазының қазір 10 данасын алады. Сатып алу қабілеті төмендеген».

Дүкендерде тұрғындар тарапынан дәретхана қағаздарына деген сұраныс бәсеңсіп қалған. Шындығына келгенде, «дәретхана қағазы таусылып қалады» деген әңгімені де адамдар өздері ойдан шығарған болуы мүмкін»,- дейді Айгерім Қарабаева.

Айгерім Қарабаева, сатушы: «Қазақстанда жасалған дәретхана қағаздарының бағасы көтерлмейді, сол баяғы. Ресейлік тауарлар да аса қымбаттаған жоқ».

Айта кетейік, қазір сауда сөрелерінде тауардың бұл түрінен өзіміздің төл өнімнің көлемі басым.

Тұрғын: «Дәретхана қағазының «Народныйын» аламыз. Сол арзандау.  Барлық нәрсе қымбаттады. Доллар қымбаттаған соң, барлығы көтерілді ғой».

Зейнеткер: «Халықтық» қалаймыз, сол арзан».

Тұрғын: Мен «Нежностьті» қалаймын».

Тұрғын: «Фамили», «Папия» қымбат болса да, сапасы жақсы, сондықтан осы дәретхана қағаздарын ұнатамын».

Шымкентте дәретхана қағазын шығаратын шағын өндірістер жеткілікті. Алайда олар түсірілімнен бас тартқаннан соң біз, алматылық компания мамандарымен байланысқа шықтық. Айтуларынша кәсіпорын әзірге міндеттемелерін толық орындауда. Дәретхана қағаздары мен өзге де өнімдерді шығаруға қазірше шикізат қоры бар, бірақ Ресей жеткізуді тоқтатса, проблемалар болары анық дейді.

Дмитрий Морозов, компания өкілі: «Біз шикізатты Ресейден аламыз. Әзірге шикізат тапшылығын сезінген жоқпыз. Алайда болашақта проблемалар болуы әбден мүмкін. Бізде тұрақты қор бар. Шикізаттың барлығын өндірісте бірден пайдаланбаймыз. Жұмыс істеп жатырмыз. Клиенттер алдында міндеттемеліріміз бар, мерзімінде тапсырысты орындауымыз керек. Егерде Ресей шикізат экспортына тыйым салса, онда күрделіктер туындайды. Сондықтан Үкімет тарапынан шұғыл шаралар қабылданып шикізат өзімізден шығарылатын болса біз алаңсыз жұмысымызды жалғастыратын едік».

Алматылық компания нарықтағы жағдай өнімнің өзіндік құнына әсері барын айтады. Жағдай реттелмесе дәретхана қағазы мен майлық сүлгілерге де баға көтеріле береді дейді.

Статистикаға жүгінсек, былтыр бір жыл ішінде Қазақстанда дәретхана қағазы 6%-ға қымбаттаған. Зерттеулерге сүйенсек, 2021 жылдағы сегіз ай ішінде елімізде 56,8 млрд. теңгеге қағаз және қағаз өнімдері шығарылды. Бұл – 2020 жылмен салыстырғанда 5,4%-ға көп.

Сектордағы өнеркәсіптік өндірістің нақты өсімі 3,7%-ды болды. Өндірістің ең көп көлемі Алматы облысына тиесілі, содан кейін Шымкентте. Шымқалада екінші сұрыптағы дәретхана қағазын газет журналдар және басқа да қағаз қалдықтарынан дайындайды. Айтуларынша макулатураның бағасы да көтерілген.

Шынар Оразова