Енді Шымкент автобустарының жұмысын қарапайым халық тексереді

118

Енді Шымкентте автобустарды қарапайым халық тексереді. Бұл мәселе қала әкімінің есеп беру жиынында талқыланды. Қоғамдық көліктің жұмысына көңілі толмайтын азаматтар әкімнен халықтық бақылауды қолға алуын сұрады. 

«Онда халықтан шығарыңыз. Бұрындары Кеңес Одағы кезінде халықтық бақылау деген болған. Шығайық біздер штат құрамында болып. Сонда мүмкін әділдік болатын шығар»,-дейді тұрғын.

Автобус кондукторларынан мезі болған шымкенттіктер тексеріске өзіміз шығамыз деп бекініп отыр. Айтуларынша, электронды «Төлем» жүйесі енгізілгенімен, барлығы жолақысын қолма-қол сұрайды. Жұрт мұндай заңсыздыққа шектеу қоя алмай отырған шенеуніктерді сынға алды.

«Неге кондукторлар жолақысын ақшамен алады. Неге? Ал ақшам жоқ десең аларып қарайды? Содан кейін сағат 20:00-ден кейін автобус жүрмейді. Неге? Осыны да қолға алмайсыздар ма?»,-дейді Шымкент тұрғыны.

Қала әкімі автобус кондукторларының қолма-қол ақша сұрайтынынан хабарым бар дейді. Тіпті, бұл мәселемен «Төлем» жүйесі енгізілгелі бері күресіп келе жатқанын айтты. Бірақ, әлі де тоқтам болмай тұр. Сондықтан Мұрат Әйтенов халықтың тексеріс жүргізуін қолдаймын дейді.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі:»Егер де сіз тұрғындарды жинап шығамыз десеңіз, біз әрқашан да қолдаймыз».

Сондай-ақ, мегаполис басшысы өзге жолаушыларды да бұл мәселенің шешілуіне үлес қосуға шақырды. Егер тұрғындар қолма-қол ақша сұраған автобус номерін жазып әкімдікке хабарлап отырса, компанияға мемлекет тарапынан субсидия бермейміз дейді. Сонда ғана өздері үшін электронды жүйеге қосылады.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Сіздер 109-ға хабарлассаңыздар, соған тіркелгеннен бастап ол мына субсицдияға әрекет жасайды. Демек сол жүргізушілер қайта ақша алады. Сөйтіп тек қана тәртіпке келтірмесе, әр қайсы жүргізуші мен кондукторларды аңдып жүргеннің нәтижесі болмайды. Мәселен полиция да жолға шығып алып тәртіпті сақтаймын дегенімен, ол қайтып кеткенде қайтадан бұзады. Сол үшін міне заманауи камераларды қойып жатырмыз».

Жалпы автобустардың уақытылы жүрмеуі мен жолақысын қолма-қол алатын кондукторлардың жыры көптен бері айтылғанымен мәселе әлі күнге дейін шешІмін таппай келеді. Енді транспорт саласындағы бұл мәселелерді қарапайым халықтың өзі бақылауға алмақ. Алайда әзірге бақылау қалай жүзеге асатыны, оған қанша азамат қатысатыны, ереже бұзған қызметкерлерге қандай және қалай шара қолданылатыны беймәлім.
                                                                                         Мөлдір Ибадуллаева