«Кезек күтіп шаршадық…»: Халық үй мен жер мәселесіне шағымданды

110

Шымкентте баспанаға қол жеткізу мұңға айналған. Қарапайым жұрт мегаполис әкімінің есеп беру жиынында осы мәселені көтерді. Сөздерінше, пәтерге мұқтаж жандар кезекке тұрғанымен, оның жылжуы қиын көрінеді. Тұрғындар қала басшысынан тез арада осы мәселені басты назарға алуды сұрады.

Бұл жиын бұрынғы жиыннан өзгерек. Шымкент әкімінің Әл-Фараби ауданының тұрғындарымен кездесуінде халықтың қарасы қалың, талабы қатаң болды. Шаһар басшысына нақты сауал жолдаған азаматтар мегаполистегі ең актуальды мәселелерді көтерді.

«Шымкентте арендалық тұрғын үй мен жер кезегі жылжымайды». Осылай деген жұрт мегаполис басшысы Мұрат Әйтеновке тікелей сауал жолдады. Сөздерінше, мемлекет тарапынан берілетін пәтерлерді мұқтаж емес жандар алып жатқан көрінеді.

Мая, тұрғын: «Көріп отырмыз, қанша адам үй алып алады да, пәтерін жалға беріп, өздері ауылында тұрып жатады. Осыны неге қадағаламайсыздар? Кімнің танысы бар, кімнің қалтасында бар, солар ғана алады. Ал біз жүрміз әлі кезегімізді күтіп. Өмір бақи жылжымайды кезек».

18 жылдан бері бір жер ала алмай жүрмін деген тұрғын мұнда бір шикіліктің бар екенін айтады. Ол шаһар басшысына мәселенің ақ қарасын ажыратып, тексеру жұмыстары жүргізілсін деген талап қойды. Тұрғынның бұл ұсынысын әкім есебіне жиналған бүкіл халық қолдай кетті.

Тұрғын: «Жердің кезегінде 2004 жылдан бері тұрған азаматтармыз. Есептеңіз 18 жыл болды. Біз әлі жер ала алмадық. Сол кезде 398-ші кезекте болған. Ал 2005 жылы 5000 азаматқа жер берілген. Сонда 390 алу керек па еді? Алмау керек па еді? Мүмкін емес 18 жылда бір жер берілмеуі. Соның бәрін біздің қатысуымызбен тексерілсін».

Ал қала басшысының айтуынша, кезекті жылжыту әкімдіктің құзырында емес. Жемқорлықтың алдын алу мақсатында электронды кезек орталық комиссияның бақылауында болады дейді.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Бүгінгі күнде осындай жемқорлық болмау үшін бәрі электрондық тізімге кірген. Ол тізімді жергілікті билік ауыстыра алмайды. Алдын ала қоя алмайды. Ол орталықта бақылауда. Тіркелген адам көшіп кетсе, қайғылы жағдай болса, немесе үй алса ғана кезектен шығарылады. Ал комиссия бойынша біз жылына 2 рет өткіземіз. Сол үй тұрып жатыр ма? Тұрмай жатыр ма? Егер дәлелденсе, жалға беріп қойса үйді босатады».

Қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы да мұндай жағдай орын алуы мүмкін емес екенін айтады. Ғалымжан Өтенбаев тұрғындарды әр сәрсенбі күні өтетін жеке қабылдауына келуге шақырды. Сонда бар мәселенің ара-жігіт ажыратып, зерттеп көреміз дейді.

Мөлдір Ибадуллаева