«М.Әуезов мұрасы – ұлт қазынасы»: Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

24

Шымкентте ғұлама ғалым, қазақтың атақты жазушысы Мұхтар Әуезовтің 125-жылдық мерейтойына орай халықаралық конференция өтті. Ғылыми-тәжірибелік жиын биыл «Мұхтар Әуезов мұрасы-ұлт қазынасы» атауына ие болды. Жиын барысында ұлы жазушының өмірінен сыр шертетін «М.Әуезовтің Оңтүстікке сапары» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

Биыл заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың туғанына – 125 жыл. Мерейтойға орай ұйымдастырылған іс-шаралар легі бүгін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде бастау алды. «Мұхтар Әуезов мұрасы – ұлт қазынасы» атауымен өткізіліп отырған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда жазушының өмірі мен еңбектері зерттелген баяндамалар таныстырылды.

Ақжол Қалшабек, «Мұхтартану» ғылыми орталығының аға ғылыми қызметкері: «Менің баяндамам – «М.Әуезовтің Оңтүстікке сапары» деп аталады. Мұндай тақырыпты таңдаған себебім – дәл осындай тақырыпта кітап шығарып отырмыз. Сол кітабымыз үлкен жаңалық болып отыр. М. Әуезов 1959-1961 жылдары ғылыми-шығармашылық сапармен 5 рет келген. Сол кезден бергі естеліктер әлі күнге дейін жазылып келеді. Қазір 40-50 жыл өтсе де әлі естелігімен бөлісіп жатыр. Соның бәрін кітапқа сыйғызуға тырыстық»

Халықаралық конференцияда «М.Әуезовтің Оңтүстікке сапары» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Ұйымдастырушылар туындының 1000 данасын шығаруды жоспарлап отырғанын айтады. Сондай-ақ, аталған шығарма «Мұхтар Әуезов атындағы білім ордасының мерейтой аясында жеткен үлкен жетістігі», -дейді.

Сандыбай Боранбаев, «Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар» ғылыми-зерттеу институтының директоры: «Кітаптың экземплярын көбейтіп, шығарып отырмыз. Оқырманның қолына жетеді деген ойдамыз. Биыл да М.Әуезовтің 125-жылдығына орай ұйымдастырылып отырған «Әуезов оқулары». Бұл алғашқы біздің университеттен шығып отырған бастама. Мемлекет деңгейін де осы мерейтойға орай конференция өткізіледі деп жоспарланып отыр. 5 қалада өтуі мүмкін».

«Әуезов оқулары» аясындағы ғылыми-тәжірибелік конференция биыл 20-шы жыл қатарынан өткізіліп жатыр. Жиынға жазушы мұрасын зерттеуші ғалымдар, онлайн форматта да қатысып, сөз сөйледі. Шарада сонымен қатар, Мұхтар Әуезовтің қаламынан туған еңбектері негізінде көрме ұйымдастырылды. Айта кетейік, конференция еңбектерінің жинағы халықаралық дәйексөз базасына кіреді.

Гүлдана Дәурен