Мүмкіндігі шектеулі жандар жәрдемақыны көбейтуді талап етіп отыр

221

Түркістан облысы Кентау қаласында тұратын мүмкіндігі шектеулі жандар ай сайын төленетін жәрдемақының көлемі аз екенін айтып шағымдануда. 36 мың мен 70 мың теңге аралығында алатын ақы тіпті дәрі-дәрмекке де жетпейтін көрінеді. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектелген жандарға берілетін құрал-жабдық пен қоларбалар да сапасыз дейді. 

Кентау қаласының тұрғыны Зухра Нұрмұхамедова он жылдан бері екі аяғы сал қайын атасына қарайды. Жеке көмекшісі есебіндегі келіншек соңғы уақытта мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі шешімін таппай отыр дейді. Ал күнделікті берілетін жөргек жетпейді, серуендетуге қажет қоларба да жоқтың қасы.

Зухра Нұрмұхамедова, жеке көмекші
«Беретіні екі памперс, оны неге жеткіземін. Мысалы бір күнде үш төртеуін қолданамыз. Ол да жетпеген кезде пеленканы неғыламыз. Далаға шығарайын десек детский коляска беріп тұр да. По размеру ол коляскаға папашка сыймайды да, далаға шыға алмай отыр».

Он мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат тұратын Кентау қаласында шешімін таппаған мәселе жетерлік. Мыңдаған мүгедекке бар болғаны үш ақ инвотакси қызмет көрсетеді. Ал, бағдаршамдардар зағиптарға арналмаған екен. Зағип жандарға шұрық- тесік жолда жүру тіпті қиын дейді. Сонымен қатар, көптеген ғимаратта пандус жоқ, ал барының өзінде талапқа сай емес көрінеді.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар ең қажетті оңалту орталығына да бара алмайтынын айтып мұңын шақты. Себебі жүз мыңға жуық ерекше азамат тұратын Түркістан облысында арнайы орталық жоқ. Ал азаматтар ақылы ем қабылдауға жәрдемақы жетпейді дейді.

Дүйсенәлі Жүсіпов, «Мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
«Бірінші топтың мүгедегі алатыны 69 мың теңге. Екінші топ мүгедегі 63 мың алады. Шынын айтқанда ол ештеңеге жаралмайды. Ештеңеге бара алмайды ондай ақшамен. Шынын айтса өз отбасын да асырай алмайды».

Мемлекет қамқорлығындағы жандар портал арқылы берілетін түрлі құрылғылардың да сапасыздығына наразы.

Дастан Орынбасаров, 1-ші топтағы мүгедек:
«Қытайдың коляскасын береді, сапасыз. Германский, финский деген коляска жоқ. 5-6-7 жылға береді. Қайдағы жеті жыл, бір-ақ жылға шыдайды мынау. Салдыра болып қалған қазір, сапасыз».

Нұрлан Болғаныс, 1-ші топтағы мүгедек:
«Мысалы бізге қолдануға берілетін телефондар сөйлейтін программасы көтере алмағандықтан, ол затты пайдалана алмаймыз. Флеш плеер дейді, ол заттар сөйлемейді. Олардың дауысы жоқ та негізі. Дауыссыз алғаннан кейін қолдануға келмейді ол заттар».

» Мүгедектерге тәулік бойы күтім жасайтын жеке көмекшілер болса, жалақыларын көбейтуді талап етті. Себебі қолдарына тиетін елу мың теңге тіпті күнкөріске жетпейді. Оның үстіне еңбек өтілі де жүрмейтін сыңайлы.

Жазира Жанасбаев, жеке көмекші:
«Мынау тұрған Түркістан 87 мың теңге алады, ал біз елу мың аламыз. Алматыда одан да жоғары алады. Ешқандай ештеңеге жетпейді базарға барсаң елу мыңға. Не медициналық сақтандыру жүрмейді. Не пенсионный жүрмейді».

Ал мүмкіндігі шектеулі жандардың проблемасын шешетін жауапты басқармадағылар «жәрдемақы көлемін көтеруге қолымыз қысқа» деп отыр.

Нұржан Нұрашев, Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
«Ол жөнінде біз республикалық органдарға ұсыныс бердік. Сондай-ақ, республика көлемінде атқарылатын жеке көмекшілердің айлығын көтеру жөнінде де ұсыныс түскен. Мына памперстердің санын көбейту жөнінде ол мәселе де республика бойынша бүгінгі таңда қаралу үстінде».

Басқармадағылар оңалту орталығын да келесі жылы ашамыз деп отыр. Қажетті қаражат бөлінсе, биыл екі жүз орынға лайықталған орталықтың құрылысы басталады. Алайда мүмкіндігі шектеулі жандар бірнеше жыл қордаланған мәселе жуық арада шешіле қоятынына сенбей отыр.

                                                                                            Гүлдана Дәурен