«Нұрлы жер» мемлекеттің бағдарламасының «7-20-25» бағыты бойынша өтінім қабылдау 15 сәуір күні аяқталды. Алайда қазірше конкурстың нәтижесі жарияланған жоқ. Сондықтан шымкенттік үміткерлер тұрғын үй басқармасынан ашықтықты талап етуде. Кейбірі мұның әділ өтетініне сенбеймін десе, енді бірі толық тізімді бермеуінде бір шикілік бар екенін айтады. Ал жұрттың мұндай сынына қалалық тұрғын үй басқармасы қалай жауап берді?
“Нұрлы жер” бағдарламасы арқылы үй алуға ниет білдіргендердің басым бөлігі конкурстың әділ өтетініне сенбей отыр. Өйткені, «7-20-25» бағыты бойынша Шымкенттен берілетін 900 пәтерге 11 919 өтінім келіп түскен. Алайда, электронды база үміткерлердің реттік номері мен толық тізімін көрсетпейді.
«Өтінім бергендердің тізімі шықсын. Шымкентте тек әділетсіздік. Неге тізімді шығармай отыр? Олар экзелге салып, ақша бергендерді қыстырып жаза салады. Мүлде сеніп тұрған жоқпыз».
«Барлығы жемқорлық. Қасым-Жомарт Тоқаев, Бас прокуратура, Шымкент қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы агеттінттік пен әкімдік, сіздерден заң шеңберінде тексерулеріңізді сұраймын. Мен өзім де тапсырдым. Маған ақша ұсынды. Барлығы сатылып кеткен деді. Әйтпесе, барлығы менде сай келіп тұр. Жауабы шықсын көреміз енді».
«Портал автоматтандырылған болса, неге жалпы қабылданған өтінімдер саны көрінбей тұр? Қабылданбады деуге болмай ма? Ең арзан портал ғой. Құдды бір лоторея ойнап жатқан сияқтымыз, конкурс емес…»,-дейді әлеуметтік желі қолданушылары.
Қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Ғалымжан Өтенбаевтың айтуынша, бүгіннен бастап бұл олқылық орнына келтірілген. Яғни, конкурсқа қатысушы азаматтың реттік нөмірі жеке кабинетінде көрсетіледі.
Ал жалпы үміткерлердің тізімі екі-үш күнде жарияланады екен. Әрі бұл конкурста барлығы автоматтандырылғандықтан адами фактор әсер ете алмайтын көрінеді. Сондықтан шенеунік ешқандай заңсыздық орын алмайды деп сендірді.
Ғалымжан Өтенбаев, Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы: «Көптеген осындай ұсыныстарға сай біз тапсырма бердік. Біз баспана.кз-ге өтінішпен шықтық. Олар жалпы 11 919 адамның тізімін жариялайтын болады. Осы бір-екі күн көлемінде. Бұл жерде барлығы автоматтандырылған. Комиссия бұл жерде құжаттардың толықтығын ғана қарайды. Егер толық болмаса, шығып кетеді. Олар ешқандай шешім қабылдамайды».
Сондай-ақ, Шымкент қаласында орналасқан 900 пәтерге Қазақстанның кез-келген азаматы үміткер бола алады. Яғни, қатысу шартында тұрғылықты мекен-жайға шектеу қойылмаған. Шымкенттік қатысушылар болса, нақты талап қойылу керек дейді. Өйткені, мегаполистің өзінде кезекте тұрған азаматтардың саны 50 мыңға жуық.
Ғалымжан Өтенбаев, Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы: «Алдағы уақытта тек қана жергілікті тұрғындардың қатысуын қарастыру бойынша ұсыныстар берілді. Қазіргі таңда біз жауабын күтіп отырмыз».
Шымкент қаласы, «Тұран» шағынауданы, Ұ. Арғынбеков көшесі 2 мекен жайында орналасқан пәтерлерді келесі талапқа сай азаматтар ала алады. Сондай-ақ, олардың қай уақытта тапсырғаны да ескеріледі.
Ғалымжан Өтенбаев, Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы: «Бағдарламаға қатысу шарттары: Қазақстан Республикасының азаматының болуы; Ипотекалық несиелердің болмауы; Табыстың болуы; Баспананың болмауы. Бұл бағдарламаны несиелендіру бойынша екінші деңгейлі 8 банк жұмыс атқаруда».
Айта кетейік, «7-20-25» бағдарламасы бойынша берілетін баспананы азаматтар жылдық мөлшері 7 пайыз, бастапқы жарна 20 пайыздық несиелендіру шартымен 25 жылға дейін ала алады.
Ал бұл конкурстан жеңімпаз болмаған тұрғындар алдағы уақытта ұйымдастырылатын өзге де бағдарламаларға қатысып, үйлі болуына мүмкіндік бар. Өтінімге қарағанда пәтердің әлдеқайда аз екенін айтқан шенеунік халықты түсіністік танытуға шақырды.
Мөлдір Ибадуллаева