Еңбекші ауданының тұрғындары сергек камераларын орнатып беруді сұрады. Шымкент әкімінің есеп беру жиынында сауал жолдаған халықтың басым бөлігі қауіпсіздік мәселесіне алаңдайтынын айтты. Расында, Шымкент көшелерінде бейнебақылау камералары жеткіліксіз бе? Қарапайым жұрттың ұсынысына мегаполис басшысы қалай жауап берді?
«Шымкентте сергек камерасы жетіспейді». Еңбекші ауданының тұрғындары қала әкімінен көшедегі бейнебақылау камерасын көбейтуді сұрады. Өйткені, ережені елемейтін жүргізушілердің кесірінен жиі жол апаты орын алады екен.
«Менің сұрағым маңызды. Мынау Береке кольцовойы мен Жасмин деген кафе бар. Соның алдында аптасына екі рет жол апаты болады. Өлім көп болып жатыр. Сол жерге сергек қойылса, бағдаршам қойылса жақсы болатын еді»,-дейді Шаңырақ елдімекенігің тұрғыны.
Жалпы, бүгінде Шымкент бойынша 201 көше желісі мен 100 көше қиылысында бейнебақылау камерасы бар. Соның ішінде Еңбекші ауданы бойынша 55 көше желісінде 27 көше қиылыстарына жылдамдықты бақылау камералары орнатылған. Дегенмен, мұның өзі миллионнан аса халқы бар үшінші мегаполиске аздық етуде. Сондықтан, Мұрат Әйтенов алдағы уақытта елдімекендер мен қала көшелеріндегі қауіпсіздік одан әрі күшейтілетінін айтты. Әрі тұрғындардың өтініші де назардан тыс қалмайды деді.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі:
«Қазір біз ішкі істер департаментімен бірге қайтып үлкен схема сызып жатырмыз. Ол әлі аяқталған жоқ. Енді приаритет қою керекпіз. Қай жерге бірінші қоямыз? Қай жерге екінші қоямыз?Жалпы 2025 жылға дейін қауіпсіздік камералары да сергек камерасы да толығымен орнатылады”.
Мегаполис басшысы қала көшелерін жарықтандыру мәселесіне де тоқталды. Егер тұрғындар «өзіміз ақша жинап, көшемізді жарықтандырамыз» десе, оның күтімі мен құрылысын мойнымызға аламыз» дейді.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі:
«Негізі бірінші орталық көшелерді жарықтандырамыз деп жоспар құрдық. Егер тұрғындар өздері ақша жинап, көшесін жарықтандырамыз десе, бюджет есебінен оның күтіп ұстауын, құрылысын өз мойнымызға аламыз. Яғни бюджеттен бөлінеді. Жалпы 2025 жылға дейін жарықтандыру мәселесін шешуге тырысамыз».
Айта кетейік, шаһарда 747 әлеуметтік маңызы бар көшенің, 324-і жарықтандырылған. Сала жауаптыларының айтуынша, биыл жарықтандыру көрсеткішін 57 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Мөлдір Ибадуллаева