Шымкент: Әр жұмада қарияларды тегін тасымалдайды

93

Шымкентте әр жұма сайын қарияларды тегін таситын такси жүргізушісі бар. Қайырымды жан бүгінде біраз жанның алғысына бөленіп жүр. Ізгілікті істі аптаның әр жұмасында дәстүрлі түрде жасайтын ел ағасы, басты мақсатым қасиетті айда сауап жинау дейді.

Шырайлы Шымкенттің тұрғыны Асан Бохаев көпшілікке тегін такси лақап атымен танымал. Ол әр жұма сайын қарт кісілерді баратын жеріне ақысыз жеткізіп келе жатқанына 2 жылдан астам уақыт болған. Кезінде қаладағы базарлардың бірінде көмір сатып ауыр жұмыстың салдарынан денсаулығы сыр беріп, инсульт алған. Кейін оңалған соң, үйде бос жатуды ар санап, көлігімен жолаушы тасуды жөн көрген.

Асан Бохаев, Шымкент қаласының тұрғыны: «Осы ой ауруханада инсульт алып жатқанда келді. Үлкен кісілерді тегін тасиын деп бір күнді арнадым. Сол оймен қарттарды әр жұма сайын тасимын. «Қалдыбек» дүкенінің алдына келсе мінгізіп алып үйлеріне апарып тастаймын. Жолда қол көтеріп жатса оларды да алып кетемін. Жастар болса да аламын бірақ олардан ақша сұраймын себебі бинзинге ақша керек қой».

Әр жұмада тегін қызмет көрсетіп жақсылық жасайтын таксидің бар екендігіне бастапқыда жұртшылық сенбей жүріпті. Ондай сәттерде Асан Боқаев адамдарға барынша түсіндіріп діттеген жеріне жеткізіп салады. Айтуынша үйде бос жатпай, тұрғындарға жақсылық жасаса, өзінің де көңілі көтеріліп қалады екен.

Ақназар Арыслан, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен басында сенбейтін едім бірақ кейіннен қарасам, мынау көптеген ауруханадан адамдар шыққан кезде тегін алып кетіп жатқанын көргенмін. Бұл кісіні көптеген адамдарда таниды. Жұма күні осы жерге келіп арнайы осы кісіні күтіп отырып кететінін білемін өзім талайын байқағам да».

Осылайша такси жүргізушісі күніне 20-30 адамды тегін тасымалдайды. Бұл іс ерекше күш сыйлайды деген Асан Бохаев алдағы уақытта да жақсылық жасауды тоқтатпаймын дейді.

Айта кетейік, қайырымды жанды Облыстық эндокринологиялық диспансерлік ауруханасына қарама қарсы беттен табуға болады.

Иззат Миралиев