Шымкентте 20 мың мемлекеттік қызметкер баспанаға мұқтаж

97

Шымкенттік шенеуніктер мен аудан әкімдері де баспанадан үмітті. «7-20-25» бағдарламасы аясында пәтер алғысы келетін 12 мыңға жуық үміткер қатарында мегаполистің бірқатар билік өкілі де бар. Дегенмен, оның бірнешеуі өтінімдерін қайтарып алған. Жалпы Шымкентте қанша мемлекеттік қызметкер баспанаға кезекте тұр?

«7-20-25» бағдарламасына өтінім бергендердің Шымкент қаласы бойынша тізімі халық арасында үлкен дау туғызды. Себебі, тізімге енгендер қатарында шымкенттік шенеуніктердің қатары көп. Мәселен, аудан әкімдері, басқарма басшылары мен олардың орынбасарлары немесе отбасы мүшелері. Тізім жариялана сала әлеуметтік желіде «әкімдік қызметкерлері пәтерді өз арасында бөлісіп алмақшы» деген сипаттағы жазбалар желдей есті.

Халық арасында шу шыққаннан кейін бірнеше шенеунік өз еркімен берген өтінімдерінен бас тартқан көрінеді. Бұл туралы, мәселенің жай-жапсарын түсіндіру мақсатында өткізілген брифингте қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков хабарлады.

Ерғали Білісбеков, Шымкент қалшасы әкімінің орынбасары: «Шенеуніктер алып кетіп жатыр деген әңгіме шығуда. Жалпы олар да Қазақстанның тұрғындары, олардың да құқықтары бар. Оларға біз тыйым сала алмаймыз. Қатыспа деп айта алмаймыз. Олардың қатысуға құқығы бар. Жалпы көп шенеуніктер келіп, елде осындай ой болса, ел үшін біз шығамыз деген сөз беріп жатыр. 10-15 адам келіп менімен сөйлесіп кетті. Бұл әр адамның өзінің мойнындағы жауапкершілік деп ойлаймын. Егер олар заң бұзса, кезектен шығады және жауапкершілікке тартылады».

Енді шыққан тізімдегі үміткерлердің құжатының дұрыстығын жаңадан құрылған комиссия қарайды. Әкім орынбасары тексеру ашық түрде өтетінін, оған тіпті БАҚ құралдары да қатыса алатынын айтты. Айта кетейік, тексеру біткенше қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы жұмыстан шеттетіледі.

Ерғали Білісбеков, Шымкент қалшасы әкімінің орынбасары: «Толық тізім ілінді. Енді сол құжаттарды тексеру үшін біз комиссия құрып жатырмыз. Біреу-біреуге әсерін тигізбесін, ықпал етпесін деп. Өтінімдерді басқарма қабылдады, енді біздің қалалық әкімдіктен комиссия құрылып жатыр. Біріншіден біздің басқарманың басшысын осы іске кірісіп кетпесін, әңгіме болмасын деп уақытша жұмысынан босаттық.

Ерғали Білісбековтің сөзінше порталға бір уақытта бірнеше адамның тіркелуі әбден мүмкін. Оған ешқандай фактор әсер ете алмайды, себебі, портал барлығын өзі шешеді.

Ерғали Білісбеков, Шымкент қалшасы әкімінің орынбасары: «Порталға тастағаннан кейін портал іріктеу жасайды. Адам қатыса алмайды оған. Мысалы көп адам 9-ды күтіп отыр. Бірдей уақытта түсе алмайды ғой 100 арыз. Портал өзі шешеді, уақыт жазады. Ол мүмкін 100 процент».

Аталған бағдарлама төңірегіндегі шуға қатысты министрлік те үн қатты. Ресми мәліметке сүйенсек, конкурстың мемлекеттік қызметкерлер арасында өткізілуі – бағдарлама шартынан ауытқу болып есептеледі екен.

Алмаз Ыдырысов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы: «Бүгінгі таңда біз Шымкент әкімдігіне мәселенің мән-жайын түсіндіру бойынша сауал жолдадық. Несие қаражаты есебінен салынып жатқан тұрғын үй, бірінші кезекте, бағдарлама шарттарына сәйкес «Отбасы банкі» арқылы сатылуы тиіс. Сондықтан мемлекеттік қызметкерлер арасында конкурс өткізу, сондай-ақ осы пәтерлерді «7-20-25″ шеңберінде ұсыну – бағдарлама шартынан ауытқу болып табылады. Бұл жағдайда біз Шымкент қалалық әкімдігіне өз шешімдерін қайта қарауды және кінәлілерді жауапқа тартуды ұсындық».

Еске салайық, аталған бағдарламаға өтінім беру 11-15 сәуір аралығында өтті. Барлығы 12 мыңға жуық адам қатысуға ниет білдірген, ал берілетін пәтер саны – 900. Бүгінгі таңда үшінші мегаполисте 20 мың мемлекеттік қызметкер баспанаға кезекте тұр. Әкім орынбасарының айтуынша, соңғы 3 жылда оларға мемлекет тарапынан үй берілмеген.

Гүлдана Дәурен