Шымкентте автоматтандырылған газ тарату станциясы іске қосылды

126

Шымкентте АГРС-3 автоматтандырылған газ тарату станциясы іске қосылды. Қала тұрғындары бұл күнді асыға күткеніне дау жоқ. Енді қаланың барлық аумағын көгілдір отынмен қамту мүмкіндігі бар. Елдегі ең ірі газ тарату станциясының құрылысы 59 шақырым газ құбыры тартылған.

Халықты табиғи газбен толық қамтамасыз ету мақсатында салынған газ тарату станциясының құрылысы 2019 жылы басталған еді.

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов станцияның жұмысын іске қосты. Шаһар басшысы АГРС-3-тің іске қосылуы басқа да маңызды салалардың жұмысын айтарлықтай жеңілдететінін атап өтті.

«Бұл станцияның қосылуын ұзақ күттік. Аталған нысан Қазақстандағы ең ірі автоматтандырылған станцияның бірі. Қазіргі уақытта АГРС—1 және АГРС-4 сағатына 180 мың текше метр бөледі, ал қалаға сағатына 250 мың текше метр қажет. Енді АГРС—3 қосылғаннан кейін бүкіл қаланы қамту мүмкіндігі бар. Сіздерді шын жүректен құттықтаймын»,— деді қала әкімі Мұрат Әйтенов.

Гүлдана Дәурен