Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов қызметінен кетті. Бұл туралы ол өзінің Facebook парақшасында жазды. Оның сөзінше, қызметтен өз еркімен кеткен. Әлеуметтік желідегі жазбасында отбасылық жағдайына байланысты қызметінен кеткенін айтқан.
Еске сала кетейік, Бақытжан Позилов қалалық Денсаулық басқармасының басшысы қызметіне 2020 жылы 3 қазанда тағайындалған болатын. Бақытжан Жолдасбекұлы 1980 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Жоғары білімді, Травматолог-дәрігер мамандығы бойынша білім алған.
«Соңғы айларда мен бірнеше рет еңбек демалысына шықтым, басқарма басшысының қызметі тұрақты жұмысты қажет ететінін түсінемін, сонымен қатар жедел түрде әртүрлі шешімдер қабылдау мәселесі де бар, осыған байланысты мен осындай шешім қабылдадым. Қала басшылығына — әкім Әйтенов Мұрат Дүйсенбекұлына және бірінші орынбасары Мұқан Шыңғыс Жұмабекұлына қолдау білдіріп, жұмысымызға көмектесіп, өтінішімді құрметтегені үшін, сенім білдіргені үшін алғыс айтамын.
Өткенге көз жүгіртсек, біз қалағанның бәрі орындалмағанын мойындауым керек, бірақ мақтанатындай нәтижелер бар!
Мен барлық әріптестеріме COVID-19-мен күресте топтық жұмысы және жанқиярлық еңбегі үшін алғыс айтамын! Бұл біздің ортақ жеңісіміз! Барлығыңызға рахмет, жақын арада кездескенше!», делінген жазбада.