Шымкентте «Паралимпиец» атты кино картинаның тұсау кесері өтті. Фильмде тағдыры ауыр спортшылардың қиындыққа қарамай өмір сүруге, жеңіске жетуге деген құлшынысы, жігері баяндалады.
Биыл сәуір айының аяғында «Паралимпиец» фильмі жарыққа шығады. Режиссері Алдияр Байракимов киноның сюжеті шынайы өмірден алынғанын айтты. Картинада паралимпиадашылардың спортқа келу жолы мен еңбегі дәріптеледі. Кино продюсерінің сөзінше бұл фильмді түсіру идеясы 2018 жылы Кореяда өткен паралимпиададан кейін келген екен.
Әділет Ибрахим продюсер: «Естеріңізде болса 2018 жылы Кореяда өткен жарыста Александр Колядин алтын медаль алып келген болатын. Сол кісімен танысып басында сол кісінің өмірбаяны арқылы түсіреміз бе деген жоспар болып еді. Бірақ қасында жүрген басқада спортшылармен танысып ол адамдардың өмірбаянын естіп қызықтық. Біз тек Александр Колядин жайлы ғана емес жаңаша бір образ жасап өзіміздің гереойымызды жасап шығарайық деп барлығын қамтып Мақсат Қуанышбаев деген сияқты кейіпкер жасадық».
Сценарий бойынша шаңғышы бала кезінен ел намысын қорғап, олимпиадаға қатысуды армандаған. Тағдыр сынағына ұшырап, аяғынан айрылған спортшы Паралимпиадаға қатысу ұсынысы түскенге дейін, ұзақ уақыт күйзелісте болған. Бұл ұсыныс оның өмірін күрт өзгерткен.
Нұргелді Ибрагимов, актер: «Менің алғашқы кином болды. Өтте қатты ұнады әрине басында қиын болды. Бірінші спорт жайлы кино түсіру қиын ал екіншіден қыстық спорт болғандықтан өте суық және үлкен профессинализм көрсету керек болды. Жақсы ойнап шықтық киноның өзінде мен өз рөлімді ойнадым яғни өзімді ойнап шықтым».
Алғаш шымылдығын Шымқаладан ашқан кино картина алдағы уақытта Алматы және елордада көрсетіледі. Сонымен қатар, сәуірдің 21-нен бастап барлық кинотеатрларда көрерменге жол тартпақ. Жоба авторларының айтуынша киноға 115 млн. теңге қаржы жұмсалған.
Иззат Миралиев