Шымкентте полиция департаментінің қызметкері өз-өзіне қол жұмсады

145

Шымкент қалалық полиция департаментінің лауазымды қызметкері өз-өзіне қол салды. Дәрігерлердің айтуынша, ол көп мөлшерде дәрілік препарат қолданған болуы мүмкін. Қазір жан-сақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Жағдайы тұрақты-ауыр. Департаменттің ақпарат бөліміне жауапты маман неліктен өмірмен қош айтыспақ болды? Ол әлеуметтік желіге жариялаған жазбасында не айтты?

Полиция департаментінің баспасөз жетекшісі Мөлдір Бекеева өз-өзіне қол жұмсады. Оның мұндай қадамға баруына өзіне қатысты қылмыстық істің қозғалуы себеп болыпты. Бұған дейін әлеуметтік желіде Бекееваныкіне ұқсас дауыс иесінің қоластындағы қызметкеріне балағат сөздерді жаудырып жатқан аудио тараған еді. Мұны өзіне жасалған қастандыққа балаған ол соңғы жазбасында қысымға шыдай алмай қызметтен де кеткенін айтқан.

«Мен сындым… Сабырым таусылды..Бүгін Шымкент қаласы Полиция департаментіндегі қызметімнен кеттім. Жәй кеткен жоқпын, үстімнен қылмыстық іс ашылған соң, кеттім! Себебі, Дәлбеков мырзаның алдына шындықты айтып, бір емес бірнеше рет барғанымда, ол мені тіпті тыңдағысы да келмеді. Ашылған қылмыстық істің өзі — жүз пайыз сол кісінің қолымен жасалып отырғанына сенімдімін, мені жұмыстан өз еркіммен кетіру үшін жасап отырған кезекті іс-әрекеті ғой! Мен енді жұмыстан ғана емес, өмірден кеткенді де жөн көрдім…»,-делінген жазбада.

Бұл жағдайға байланысты Қайрат Дәлбековтың өзінен түсінік алу мүмкін болмады. Есесіне кадр басқармасының басшысы өмірден баз кешпек болған Мөлдір Бекееваның жазбасы бойынша тергеу басталғанын хабарлады.

Данияр Үндербаев, Шымкент қалалық ПД кадр саясаты басқармасының бастығы:
«Суицид бойынша қазіргі таңда өз-өзіне қол жұмсау бойынша Қаратау АПБ-ның ҚР ҚК-нің 105-ші бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

-Бұған қатысты Дәлбековке де қандай да бір іс қозғала лып, тексеру жүргізіле ме?

– Оны қосымша ІІМ-і тарапынан нұсқау келген жағдайда қосымша хабар береміз».

Ақ халаттылардың болжамы бойынша Мөлдір Бекеева суицид жасау мақсатында көп мөлшерде дәрілік препарат қолданған болуы мүмкін. Қазір науқас жан сақтау бөлімінде.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі:
«06.03.2022ж түнгі сағат 01:30-да Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығына жедел жәрдем қызметімен 1991 жылғы пациент ауыр жағдайда жеткізілген. Пациентті дәрігерлер шұғыл түрде тексеріп, жансақтау бөліміне жатқызды. Түскен кездегі жағдайы ауыр, команың І-дәрежесі. Қазір науқас реанимацияда ем қабылдауда. Жағдайы тұрақты ауыр. Алдын-ала болжам бойынша пациент суицид жасау мақсатында көп мөлшерде дәрілік преппараттар ішкен болуы мүмкін».

Айта кетейік, полиция департаментінің баспасөз жетекшісі Мөлдір Бекеева жұмыстан кетуге арыз жазғанымен әлі күнге дейін ресми түрде қызметінен босатылмаған.

Сондай-ақ ресми деректерге сүйенсек, Жедел басқару орталығы қызметкерінің басшы тарапынан болған қорлау туралы арызына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу барысында баспасөз жетекшісімен туындаған жанжал ҚР ҚК 131-бабы «қорлау» бойынша екені анықталды. Осыған сәйкес ҚР ҚПК-нің 35-бабы негізінде сотқа дейінгі тергеу тоқтатылды.

ПД баспасөз қызметі басшысының суицидке бару жайты бойынша сотқа дейінгі тергеу материалдары Қаратау АПБ-дан ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне жолданған.

                                                                                  Мөлдір Ибадуллаева