Шымкентте реновация бағдарламасын жүзеге асыру бойынша меморандумға қол қойылды

25

Бүгін үшінші мегаполисте «Samruk-Kazyna Construction» АҚ мен Шымкент қаласы әкімдігі реновация бағдарламасын жүзеге асыру бойынша меморандумға қол қойды.

Меморандум аясында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Шымкент қаласындағы тұрғын үй қорын реновациялауды жүзеге асыру келісілді.

Реновация бағдарламасының мақсаты – тозығы жеткен тұрғын үйлердің меншік иелерін тұрғын үй қорын жаңарту арқылы жаңа пәтерлермен қамтамасыз ету.

Ескі үйлерді бұзып, орнына жаңа баспана салу бағдарламасы Шымкент қаласынан бастау алып отырған көрінеді. Алдағы уақытта Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында және өзге де облыстарда жалғасын табады.

Айта кетерлігі – ескі үйлер міндетті түрде баспана иесінің келісімімен сүріліп, орнына жаңа үйдің құрылысы жүргізіледі. Тұрғындар уақытша баспанамен қамтылып, тұрғын үйлер толығымен пайдалануға берілген соң баспаналарына қайта қоныстана алады немесе тең пәтер қарастырылады.

«Ескі үйлерді пәтер иелерінен біз нақты бағада сатып аламыз. Ал егер «біз осы жерде тұрамыз, бірақ бізге жаңа үй керек» деген жандарға біз 1-1,5 жыл уақытқа басқа жерден пәтер жалдап береміз. Әрине құнын өзіміз төлейміз. Кейін жаңа пәтерге көшіп келеді.», -деді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов.

Айта кетейік, мұндай ұсыныс Шымкент қалалық әкімдігіне «Samruk-Kazyna Construction» АҚ атынан келіп түскен.

«Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін ескірген үйлерді сүріп, қайта салу қажеттігі туындап отыр. Тозығы жеткен үйлерді бұзу бағдарламасы – тұрғындарға ешбір шығынсыз өз үйлерін жаңарту мүмкіндігі. Ең бастысы – халықтың келісімімен тұрғын үйлерді апатты күйге түспей тұрып көшіріп алуымыз қажет» ,-деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков.

Бүгінде қаланың техникалық зерттеу қорытындысы негізінде 107 көппәтерлі тұрғын үй тозығы жетіп, бұзуға ұсынылған.