Шымкент тұрғындарын қаланы айналып, өте төмен ұшқан әскери ұшақтар шошытты. Қазақстанның Қорғаныс министрлігі алаңдауға негіз жоқ деп хабарлады. Су-25 ұшағының Шымкент үстінде ұшуы «Батыл Тойтарыс-2022» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуымен байланысты.
«Оқу ұшулары ұшу дағдыларын арттыруға және экипаждарды дайындауға бағытталған. Ұшулар бөлімшелердің құрамында әртүрлі биіктікте, күндізгі және түнгі уақытта орындалады», — делінген министрлік хабарламасында.
Еске салайық, «Батыл тойтарыс – 2022» оқу-жаттығуы 16 сәуірге дейін жалғасады. Сондықтан осы күнге дейін жауынгерлік дайындық тапсырмаларын орындау үшін ұшақтар ұшатын болады.