Шымкентте балаларды қорғау күніне орай «Балалық шақ — бақытты аспан астында» атты қайырымдылық концерті өтті. Іс-шара қала бойынша, үйде білім алатын ерекше балаларға арналған. Балғындарға арналған концертте жергілікті өнерпаздар ән мен биден шашу шашты.
1 маусам балаларды қорғау күніне орай ерекше оқуды қажет ететін бүлдіршіндерге арнап «Балалық шақ — бақытты аспан астында» атты қайырымдылық шарасы өтті. Дәл сондай балғындардың бірі, бүгінгі кештің қонағы Нұрхаят Орумбаева қатарластары арасында өте белсенді. Өнер білімге деген құштарлығы ерекше қыз, бүгінгі концертке құр алақан келмепті.
Концертте шымкенттік дарынды жастар мен студенттер, бүгінгі жиынның қонағы ерекше балаларға арнап өнер көрсетті. Олардың арасында, мың бұрала билеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөлеген бишілер де бар.
Концертке 180-ге тарта ерекше қамқорлықты талап ететін балалар келді. Әсем әуенге толы ерекше кешті тамашалап, бір марқайып қалған балапандардың ата-аналары, баласын осындай шараға арнайы шақырған ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Шарапат Әліпберова, ата-ана: «Барлық балаларды мерекеде шақырып, көңілдерін көтергендеріңізге рақметімді айтамын. Қызымдың қазір жағдайы жақсы, концертті қуанып тамашалап жатыр, сіздерге көп рахметімді айтамын».
Дәстүрлі түрде өтетін іс-шараға «Жігер» , «Давайте расти» қоғамдық бірлестіктері мен №7 балаларды оңалту орталығының білім алушы бүлдіршіндері және ата-аналары шақырылған. Мұндай іс-шаралар балалардың қоғамдық ортаға бейімделіп, өмірге деген құлшынысын арттырады дейді мамандар.
Камила Ишметова, «Жігер» қоғамдық бірлестігінің төрайымы: «Бүгінгі өткізіліп жатқан іс шара біздің Шымкент қаласының тұрғындары, кішкентай жас балларға арналды. іс-шара Жастар ресурстар орталығы мен Айгүл ханымның қолдауымен өтіп жатыр. Біздің балаларымызға осындай ерекше күнде көңіл бөліп, көңілдерін көтеру мақсатында өткізіліп жатыр. біз 3 жастап бастап, 18 жасқа дейіңнгі балаларға әлеуметтік көмек көрсетеміз. Балалардың үйіне барып 8 түрлі қызмет көрсетеміз».
Концертке келген балалардың қуанышында шек жоқ. Мереке иелеріне бүгінгі шараның демеушісі Айгүл Кеңесқызының атынан түрлі ойыншықтар мен сыйлықтар тарту етілді.
Айта кетейік, бүгінгі таңда қаладағы «Жігер» салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығында 130, № 7 оқу орталықта 158 бала әлеуметтік білім алады.
Әсел Мәлік