«Дарынды балалар фестивалі»: Шымкентте білімді жастар марапатталды

195

Шымкентте «Балалар жылы» аясында білімді жастардың басын қосқан «Дарынды балалар фестивалі» өтті. Биыл қала мектептеріндегі 500 оқушы республикалық, облыстық байлаулардың жүлдегері атанған. Сонымен қатар, 8 мектеп еліміздегі «Үздік 100-дікке» енген. Осы оқу жылында жеткен жетістіктерді ескерген қалалық білім басқармасы жеңімпаздарды алғыс хаттармен марапаттады.

Шымкентте білімді жастардың басын қосқан «Дарынды балалар фестивалі» өтті. Жиынға 300-ге жуық республикалық және қалалық байқаулардың жеңімпаздары қатысты. Солардың бірі 10 сынып оқушысы Гүлбаршын Сатыбалды. 2 бірдей қалалық шығармашылық жарыстың жеңімпазы атанған ол, бүгінде республикалық сайысқа тыңғылықты дайындық үстінде.

Гүлбаршын Сатыбалды, «Абай оқулары», «Мағжан оқулары» байқауының жеңімпазы: «Мен республикалық «Абай оқулары» мен «Мағжан оқуларының» 1 орын иегерімін. Менің болашақ мамандығым ұстаздық. М. Жұмабаев айтқандай «Алаш зиялылары жиналғанда төрдегі орын ұстаздыңкі» дегендей мұғалымнің алар орын ерекше. Осы бойынша дайындалып жатырмын. Алдағы уақытта өзім сияқты дарынды жастарды дайындайтын боламын».

Шымкентте 240 мың бала білім алады. Соның ішінде 500-ден аса оқушы түрлі білім сайыстарына қатысып, жүзден жүйрік атанған. Атап айтқанда, ХVIII Халықаралық Жәутіков олимпиадасынан ІІІ-орын, Халықаралық ХХІ «Жібек жолы» олимпиадасынан 2 қола медаль,  республикалық жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиададан 9 алтын, 14 күміс, 25 қола медаль, республикалық жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар конкурсынан 4 алтын, 1 күміс, 9 қола медаль иегерлері шымкенттік оқушылар.

Гүлісхан Нахбаева, Шымкент қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары: «2022 «Балалар жылы» деп аталды. Сондықтан жастарға мотивация беру үшін және оларды ынталандыру үшін, жұмысқа деген қабілетін көтеру талантты, дарынды жастарымызды жинадық. Бұған 295 бала қатысып отыр. Олар қаламыздағы ең үздік оқушылар деп айтсақ болады».

Фестивальда аймақтың атын шығарып, жетістікке жеткен білімді жастар Шымкент қаласы әкімінің алғыс хатымен марапатталып бағалы сыйлықтарға ие болды.

Абылай Таубайұлы, Ғылыми жоба жеңімпазы: «Жалын мектебінің оқушысымын. Ұстазым Ахан Арафатұлының дайындауымен бірнеше облыстық, қалалық ғылыми жобалардың жеңімпазымын. Осындай жарыстарымызды елеп ескеріп марапаттар жатқан Білім басқармасының қызметкерлеріне және Қазақстанымыздың болашағы мен біліміне аса мән беріп отырған президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қала жастары мен дарынды жастарының атынан алғысымда айтамын».

Сонымен қатар, салтанатты жиын барысында оқушылардан бөлек олар білім алатын мектептер де марапатқа ие болды. Биыл білім деңгейі жоғары көрсеткіш көрсеткен 8 мектеп «Үздік олимпиадалық мектеп» номинациясы бойынша Республиканың 100 үздік мектебінің қатарына қосылған. Ал жеңімпаздарға арналған мерекелік шара Оқушылар сарайының өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Әсел Мәлік