2025 жылға дейін қазақстандықтарды 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Осы мақсатта 511 ауылға орталық су құбыры тартылады. Дегенмен қазіргі таңда, елімізде ауыз сумен қамтамасыз ету маңызды мәселелер қатарынан түспей тұр. Кейбір шалғай елді мекен тұрғындары әлі күнге дейін құдық суын, енді бірі ауыз суды тасымалдап ішіп келеді.
Қазақстандықтар қашан толық ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бұл мәселе үкіметте үнемі қаралып келгеніне қарамастан, әлі күнге дейін түбегейлі шешімін таппаған. Жаңа Үкімет 2025 жылға қарай елдегі әрбір үйге су жеткізуге уәде беріп отыр. Қалалар мен ауылдарды сапалы ауыз сумен қамтуға республикалық бюджеттен қомақты қаржы -215 миллиард теңге бөлінеді. 9 су құбырын салуға және қайта жаңғыртуға 33 млрд. теңге жұмсалмақ.
Серікқали Брекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі: «Алматы, Атырау, Қарағанды қалаларында топтық су құбырларын салу және қайта жаңғырту бойынша 18 нысанды іске асыруға 6,1 млрд. теңге сомасында қаражат бөлінді. Қызылорда, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары Аяқталу мерзімі: 2023-2024 Нәтижесінде жалпы саны 458 мың адам тұратын 158 ауылдық елді мекенде сумен қамтамасыз ету жақсарады».
Ел аумағындағы, әсіресе шалғайдағы елдімекендерді ауыз сумен қамту мәселесі күн тәртібінен түспеген. Бұл міндетті мемлекет басшысы үкіметке кезекті рет қайта тапсырды.
Айта кетейік, сапалы ауыз сумен ең аз қамтылған өңірлердің қатарында Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындары бар.
Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі: «Бюджет есебінен 1032 аз қоныстанған ауылда сумен қамту үшін кешенді мобильді блоктар орнатылады. Биылғы жылы тағы 120 ауылды орталықтандырылған сумен қамту жоспарлануда. Және халқы аз 220 ауылға КМБ орнату жоспарда».
Елімізде геологиялық барлау жұмыстары қарқын алады. Қазақстан көптеген пайдалы қазбалардың қоры бойынша әлемде жетекші орында, ал экономиканың өндіруші секторы ЖІӨ-нің 30%-ға жуығын қамтамасыз етеді. Бұл инвесторларды қызықтыруы керек деп сенім білдірді экология министрі.
Серікқали Брекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі: «Көмірсутектердің перспективалық ресурстары табылған жағдайда жетілдірілген үлгілік келісімшарт бойынша жер қойнауын геологиялық зерттеу кезеңінен барлау және өндіру кезеңіне кепілдік берілген көшу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Тәсіл жаңа құрал болып табылатын нашар барланған учаскелердегі мұнай-газ ресурстарының болашағын геологиялық зерттеуге лицензияны енгізу арқылы қамтамасыз етіледі».
Министр инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін геология саласындағы заңнаманы жетілдіруді ұсынды.
Шынар Оразова