Интернет алаяқтар халықты қалай алдайды?

0

Шымкентте киберқылмыскерлер тобы анықталды. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше олар 20-дан аса қазақстандықты сан соқтырған. Оның екеуі мегаполис тұрғыны. Олар жәбірленушілердің бірінің атына 2 млн теңге несие рәсімдесе, енді бірінің 4 млн. теңгесін алып қойған. Полицейлер интернет алаяқтарының күн санап көбейіп жатқанын айтады. Мұнымен қалай күресеміз? Алаяқтардың тұзағына түспес үшін не істемек керек?

Интернет алаяқтары таргетолог Алмас Нахыпбектің өзін 1 млн. теңгеге тақырға отырғызбақ болды. Олар ер адамға телефон соғып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырған. Алғашында «сізге 1 млн. теңге несие шықты, растайсыз ба» деп нағыз мамандарша диалог құрып бастапты. Кейіннен мұны алаяқтар істеп жатқан болуы мүмкін деп жәбірленушінің сеніміне кіруге тырысқан.

Алмас Нахыпбек, таргетолог, СММ маманы: «Халык банк қосымшасына өтіңіз деді, кіріп қажет ақпаратты тексеріп жаттым. Кредит бөліміне өтіңіз деді. Сосын маған олар сіздің жеке кабинетіңізді сындырған болуы мүмкін деді. Сол үшін сізге жаңа бағдарлама басу керек, антивирус деді. Андес бағдарламасын басыңыз деді. Ол телефон немесе компютерді қашықтықтан басқаруға мүмкіндік береді».

Мамандардың сөзінше есеп шотты вирустан тазалаймыз деген алаяқтар осылайша азаматтардың жеке дерегіне қол жеткізеді. Сенімге кіру үшін телефон номеріңізге смс хабарлама жібереді. Бірақ ол сіздің құпия сөзіңізді біліп алу үшін қажет. Алмас Нахыпбек алаяқтардың тұзағына түскен жоқ. Алайда адамның бәрі бірдей емес. Басым бөлігі қылмыскерлердің жетегіне еріп, бар ақшасынан айырылып жатады. Мәселен, шымкенттік тұрғын жеке деректерін айту арқылы, аляқтарға 2 млн теңгеге алданып қалған. Ал тағы бір жәбірленуші 4 млн. теңгесін беріп жіберіпті.

Нұрсұлтан, Шымкент қалалық ПД өкілі: «Жедел іс-шаралар нәтижесінде тәртіп сақшылары қызметтік міндеттеріне банкоматтардан қолма-қол ақша алып жүрген күдіктілердің бірін ұстады. Ал ол арқылы жедел қызметкерлер тағы екеуін ұстады. Қалған екеуі Ресей Федерациясының аумағында ұсталды, оларды Қазақстанға экстрадициялау жұмыстары жүргізілуде. Тексеру барысында күдіктілерден 46 банк картасы, 6 ұялы телефон және 20 сим-карта табылып, тәркіленді. Полиция бұл қылмыстық топтың ұйымдасқан сипатқа ие болуы мүмкіндігін жоққа шығармайды. Қазіргі уақытта полиция бұл топтың интернет-алаяқтық бойынша 20-дан астам фактіге қатысы барын анықтады».

Мамандар алаяқтардың тұзағына түспес үшін бірнеше кеңес ұсынады. Айтуларынша, сізге хабарласқан адамның банк қызметкері емес екенін анықтау қиын емес. Тек уайымға салынбай, ақылмен әрекет еткен жөн.

Алмас Нахыпбек, таргетолог, СММ маманы: «Ең бастысы өзіңіздің жеке ақпараттарыңызды ешкімге айтпаңыз. Олардың тағы бір қулығы вацаппен хабарласуында. Естеріңізде болсын, банк қызметкерлері ешқашан вацаптан ешқашан хабарласпайды. Және кез-келген банктің қоңырауының басында «әңгіме жазылады, сіз соған келісесіз бе деген» хабарландыруы болады».

Сарапшылар алаяқтарға алданбау үшін олармен диалогқа түспеуге шақырады. Бірақ дереу шотыңыздағы қаражатты тексеріп алғаныңыз абзал. Және банктің нақты байланыс орталығына хабарласу керек. Сондай-ақ ешкімге өзіңіз туралы жеке ақпараттарыңызды бермеңіз. Егер коды бар SMS хабарлама алсаңыз, оны бейтаныс адамдарға айтпағаныңыз жөн. Ең бастысы, ұялы телефоныңызға таныс емес қосымшаны орнатпаңыз және ақшаңызды бейтаныс жандарға аудармаңыз.

Мөлдір Ибадуллаева