Күнгейде 150 науқас «Шашыранды склероз» диагнозымен есепте тұрады

104

Оңтүстік өңірінде 150 адамға «Шашыранды склероз» диагнозы қойылған. Адамның дене мүшелеріне де, ақыл-ойына да зақым келтіретін мұндай дертке шалдыққандарға емдеу хаттамасы бекітілмеген.

Бүгінде айтулы дертке шалдыққандарды анықтау үшін дәрігерлер түрлі тәсілдерді қолдануда. Бірақ «шашыранды склерозбен» ауыратын науқастар мемлекет тарапынан қолдауға зәру екендерін айтуда.

Түркістан облысының тұрғыны Заруи Азизян – 47 жаста. 2013 жылы жұмыс істеп жүргенде аяқ-қолының әр жері ұйи бастаған. Арада бір жыл өтпей жатып оның сол көзі кенет көрмей қалады. Шетел асып, түрлі қымбат тексерулерден өткенімен науқасқа дәрігерлер нақты диагноз қоя алмаған.

Заруи Азизян, Түркістан облысының тұрғыны: “2015 жылы маған алғаш рет «шашыранды склероз» диагнозын қойды. Назира Асанқызына рахмет. Егер бұл дәрігер болмаса, маған нақты диагноз қою ешкімнің қолынан келмеді. Біз сияқты науқастарды нақты емдеу түрі жоқ. Мемлекеттен қолдауға мұқтажбыз. Бізге назар аударып, әлеуметтік көмек көрсетсе дейміз”.

Шашыранды склероз — жүйке жүйесінің созылмалы ауруы. Ағзаның иммун жүйесі клеткалары жүйке талшықтары қабығына шабуылдайды. Клеткалар орталық жүйке жүйесін бір уақытта әр жерден зақымдап, шашыранды тыртық қалдырады. Сондықтан бұл аурумен ауырғандарда ауру белгісі әртүрлі.

Шашыранды склерозбен Шымкент және Түркістан облысында 150 науқас бар. Олар Облыстық клиникалық ауруханада ашылған арнайы кабинетте тұрақты ем қабылдайды. Мұндай дертке шалдыққан науқастар үшін дәрігерлер «Ашық есік» күнін ұйымдастырып, барынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Шыңғыс Айтмауов, невролог-дәрігер: “Диагностикалық шара кезінде МРТ, тест және антиденелер алады. Иммунді жүйеден антидене алынып, ауруды анықтаймыз. Бұл ауру өмір бойы емделеді. Бұл аурудың ерекшелігі нерв жүйесін зақымдап, сырттан келген антидене ағзаны зақымдайды”.

Неврологтың айтуынша, бұл аурумен адамдар көбіне 25-30 жастан бастап ауырады. Оны аурудың екінші түрі немесе қозып, басылып отыратын қайталама түрі дейді. Шашыранды склерозға 40 жастан бастап шалдығатындардың диагнозы аурудың асқынған түріне жатады. Мамандардың айтуынша, олардың мүгедек болып қалу қауіпі өте жоғары.

Лаура Нақыпқызы