10 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Режеп Тайип Ердоғанның шақыруымен Түркия Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Президент сарайында салтанатты түрде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу шарасы өтті. Кездесу барысында екі ел президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Мемлекеттер басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды кеңейтуге ерекше көңіл бөле отырып, қазақ-түрік стратегиялық серіктестігінің ауқымды мәселелерін талқылады. Сонымен қатар жаһандық және аймақтық күн тәртібіндегі проблемалар қарастырылды.
Қазақстан Президенті бауырлас Түркия Республикасына мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін Режеп Тайип Ердоғанға ризашылығын білдірді.
Шағын құрамдағы кездесу соңында Мемлекет басшысы Түркия Президентін елімізге сапармен келуге шақырды.
Режеп Тайип Ердоған өзінің шақыруын қабыл алып, Түркияға сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сонымен қатар Қазақстанға шақыруын ризашылықпен қабыл алып, биыл күзде елімізге келетінін жеткізді.
Жанерке Хумар