Қарт майдангер Сәрсен Әбдінұровқа құрмет көрсетілді

185

Отан қорғаушылар күні, Ұлы Жеңістің 77 жылдығы қарсаңында қоғамдық бірлестік өкілдері, еріктілер сұрапыл соғыста ерлік көрсеткен майдангерлерге құрмет көрсетуде. Бұл жолы белсенділер 100 жасқа аяқ басқан ҰОС ардагері Сәрсен Әбіднұровтың үйінде болып батасын алды.

Бүгінгі құрмет – қошеметтің барлығы Сәрсен Әбдінұровқа арналады. 7-мамыр Отан қорғаушылар күні, 9 мамыр-Жеңіс мейрамымен майдангерді еріктілер, қоғамдық бірлестік өкілдері және кәсіпкерлер құттықтады.

«Бізге бейбіт өмір сыйлаған сізге рахмет. Біз сіздердің ерліктеріңізді ешқашан ұмытпаймыз», дейді еріктілер.

Түлкібас ауданының тумасы бала Сәрсен ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдарында ағасы Оңғарбаймен майданға аттанып, 1943 жылы 368-ші және 823 -ші атқыштар құрамында жауға қарсы шайқасады. Неміс басқыншыларына тойтарыс берген Кеңес Әскерінің жауынгері, Жеңіс күнін 1-ші Украина майданы құрамында Берлинде қарсы алады. Соғыс аяқталған 1945 жылы ол елге оралады . Өкінішке орай, хабар-ошарсыз кеткен ағасы қан майданнан оралмады.

Сәрсен атамыздың өмірлік жолы баршамызға үлгі-өнеге, майдангердің ерлігіне бас иеміз, әрдайым құрмет көрсетуге дайынбыз дейді қоғам белсенділері.

Алмагүл Кенжетаева, «Рахмет, анашым» қоғамдық бірлестігінің төрайымы: «Ардагер аталарымызды мақтан тұтамын. Алда 100 жасқа толады екен. Тарихта қалады. Соғыс болмасын, бұл  жауынгерлер  соңғысы болсын деп тілеймін».

Сәрсен ата үш қызы, екі ұлының қамқорлығында, жұбайы Жұмакүл апа дниеден озған. Қарт майдангер денсаулығы сыр берсе де, мойымайды. Жақсылықтан үмітін үзбеді. Өмірге деген құлшынысы, адамдарға деген мейірімінің арқасында, абыз ақсақал бір ғасырды еңсеріп отыр.

Шынар Оразова