Ресейдегі «Балалар дауысы»: Суперфиналист Сағын Өмірбай Шымкентке оралды

132

Сағын Өмірбай Ресейдегі «Балалар дауысы» жобасының суперфиналына қатысып, елге оралды. Дарынымен өзге елдегі тыңдарманды таңдай қақтырған жас әнші ақтық сындағы дауыс беру нәтижесінде 3 — орынға жайғасты.

Ресейлік әнші Полина Гагаринаның тобында өнер көрсеткен жасөспірім байқауда түрлі жанрда ән шырқады.

Ресейдегі «Балалар дауысы» жобасының суперфиналисі Сағын Өмірбай Шымкентке оралды. Талантты өнерпаз көрмей тыңдау кезеңінде қазыларды таңдай қатырып, әнші Полина Гагаринаның тобын таңдаған еді. Тәлімгерінің сүйікті шәкіртіне айналған Сағын ресейлік тыңдарманның да қошеметіне бөленді. Бәсі басым байқауда бақ сынаған шымкенттік жас әнші көрерменнің дауыс беру нәтижесінде 3-орынға жайғасты.

Роза Әміреқызы Сағынға 3 жылдан бері вокалдан сабақ береді. «Жас өрен -шәкіреттірімнің ішіндегі ең таланттыларының бірі» дейді ұстаз. Ал конкурста Сағынның өте жоғары деңгейде өнер көрсеткенін айтады. Сағын байқау барысында бірнеше жанрда ән шырқапты.

Роза Әміреқызы, ұстазы: «Музыкалық қабілеті де, дауысы да ерекше. Бұл баланы дауысы 11 жастағы баланың даусы емес, кәдімгі қалыптасқан ер азаматтардың дауысы сияқты. Балалар әндерін орындамайды, әлемдік хиттарды орындайды, сондай әндерді алдық. Бізге қиын болғаны Қазақстан дауыс бермейді ғой. Тек Ресейдің айналасындағылар ғана дауыс береді. Суперфиналда үшеуінің дауысы шыққанда, Сағынның даусы 27 болды. Дегенмен біз ештеңе дей алмаймыз, бұл жобаға ризамыз, үлкен тәжірибе болды».

Талантты өрен байқауда ең бірінші орынға ел намысын қойғанын айтады. Сондықтан да суперфиналға өтуді өзіне мақсат еткен. Өнерпаз «ақтық сында көрсеткен өнеріме өзімнің көңілім толады» дейді. Ал оған халықтың қолдауы дәлел.

Сағын Өмірбайұлы, Ресейдегі «Балалар дауысы» байқауының суперфиналисі: «Суперфиналда қобалжу басталды. Қобалжығаннан денем ауырып кетті. Қандай әртіс болса да қобалжиды ғой, сахна киелі. Бірақ маған 27 дауыс болғанда мен ешқандай көңілім түскен жоқ. Себебі, оған жетудің өзі мен үшін үлкен бақыт! Менің уайымым — суперфиналға өтпей қалсам елге қай бетіммен барам деп арымды ойлап кеттім. Өлеңді жақсы айтуға барынша тырыстым».

Дауыс диапазоны ерек жасөспірім дүлдүлдер сайысында тек бақ сынап қоймай, өнеріне тәнті болған шетелдік тыңдармандар жүрегінен орын ала білген. Таңдай қақтырар талантымен тамсандыра білген Сағынның айтуынша, конкурс аяқталған соң, оны көрші елдің халқы танып, көрген жерде жылы лебізін білдіріпті. Жас өнерпаз, бұл — сайыс нәтижесінен де маңызды екенін айтады.

Сағын Өмірбайұлы, Ресейдегі «Балалар дауысы» байқауының суперфиналисі: «Конкурс біткеннен кейін, бір адам келіп, «сені көрем деп ойламадым, Негізі сен жеңіске лайық едің. біз сенің жанкүйеріңбіз» деген ізгі тілектерін айтты. Көрген, кездестірген, таныған жандардың барлығы жақсы сөздер айтып жатты. Оған өте қуаныштымын! Барлық қолдау білдірген жандарға алғысымды айтқым келеді!».

Ал Сағынның анасы Гауһар Ордабекова ұлының болмысы бөлек, мінезі ашық, өзге ортаға бірден сіңісіп кете алатынын айтады. Ал перзентінің дарыны нағашы жұртынан дарыған екен. Анасының сөзінше, басында көрмей тыңдау кезеңінен өтеміз деп те ойламаған, бірақ өткеннен кейін ақтық сынға дейін жетуді көздепті.

11 жасар Сағын Өмірбай мұнымен тоқтап қалмай түрлі деңгейдегі байқауға қатысуды жалғыстыра беретінін айтады. Ол қазір алда Италияда өтетін байқауға қатысуды ниет етіп, қызу дайындықты бастап та кетті.

Гүлдана Дәурен