«Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейі 5 айдан бері жұмыс істемей тұр

224

Шымкент қаласындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейі қаңтар айынан бері жөндеу жұмысы жүргізіледі деген желеумен жабық тұр. Алайда, қаңтардың екінші жартысында басталған құрылыс ақпан айы басталғанда-ақ тоқтап қалған. Музей қызметкерлері «себебін біз білмейміз» деп отыр. 31- мамыр күні келушілері бірнеше есеге артатын музей биылғы еске алу күнінде қаңырап бос тұрмақ.

 

«31 мамыр — саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Алайда биыл Шымкент тұрғындары бабалар рухына тағзым ету үшін саяси қуғын-сүргін музейіне кіре алмайды. Себебі қаңтар айында жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жабылған музейдің құрылысы 1 айға жетпей тоқтап қалған. Тіпті міне жарық үзілген күйі тұр. Ал құрылыстың қашан аяқталары белгісіз»

Бұл үшінші меаполистегі «Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің» бұрынғы кейпі. Музейге мереке қарсаңында қызығушылар тіпті шетелден арнайы келетін еді дейді қызметкерлер. Ал биыл оның бірі де жоқ. Себебі қаңтардың 19-ы басталған жөндеу жұмысы ақпан айының 5-не жетпей тоқтап қалған. Қызметкерлер «жұмыстың не себепті аяқталғанын біз де білмейміз» деп отыр.

«Бұл жерде фильм көрсетеміз 50-60 адамға арналған. Орындықтар бар еді мына жағында. Өзіміздің фильмдер бар аштық, «Зұлмат» деген. Жас буынға сол фильимдерді көрсететінбіз, дейді музей қызметкерлері.

Музейде 25 қызметкер жұмыс істейді. Қазір мұнда ешкім келмегенімен, мемлекеттік мекемелермен меморандум түзіп, қызметкерлер сыртқа шығып жұмыс істеп жатырмыз дейді. Одан бөлек көшпелі көрмелер де бар. Алайда, олар музей қызметі қайта жанданса екен дейді.

Мейірлан Жандарбеков, Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің экскурсия жүргізушісі: «Музей осы жылдың қаңтар айының 2 жартысынан бастап жөндеу жұмыстарына жүргізіледі деп жабылған болатын. Модернизация жұмыстары жүргізіледі деген, қазір музей жабық тұр. Алайда қызметкерлердің жұмысы тоқтаған жоқ. Қазіргі таңда мектеп секілді басқа да мекемелермен меморандум түзіп, көшпелі көрме өткізіп, лекция оқу деген секілді жұмыстар жүргізілуде».

Музейдің жөндеу жұмысы не себепті тоқтап қалғанын, құрылыс қанша уақытқа созылатынын білу үшін мәдениет басқармасына хабарласып көрдік.  Алайда, жауап алу мүмкін болмады. 5 айға созылған жөндеу жұмысы қашан қайта жанданатыны бізге де беймәлім күйде қалды.

Гүлдана Дәурен