Сарыағашта саябақ ашылды

0

Сарыағаш ауданында алқалы жиыны өтті. Бас қосуға тек алыс-жақынды қаладағы азаматтар ғана емес, көрші мемлекеттегі қандастарымыз да жиналды.

Шараның басты мақсаты халықтың ынтымағы мен бірлігін арттыру. Сондай-ақ ата-баба рухына тағзым жасау мақсатында салынған ескерткішті таныстыру. Әрі «Айырылмас» атты қоғамдық қор құрылып, аудандағы 10 гектар аумақтан саябақ ашылды.

«Шанышқылы» елінің бұл тойы басқа тойдан өзгерек. Өйткені, Сарыағаш елінде өткен жиынға тек қазақстандық азаматтар ғана емес, көрші мемлекеттегі қандастарымыз да ат басын бұрған. Олардың бірі Мұрат Қонысұлы. Ол қоғамдық бірлестік құрылып, алты алаштың басы қосылады дегенді естіп қуана келіпті.

Мұрат Қонысұлы Өзбекстан Республикасының азаматы: «Бәрімізге мына той құтты болсын. Мына мәдени-тарихи саябақ, ескерткіш Жаңа Қазақстанның рәмізі болып қала берсін».

Саусақ бірікпей, ине ілікпейді деген қазақтың нақылын ұран еткен азаматтар 10 гектар жерді жайқалтып саябақ ашып, ескерткіш орнатты. 10 мыңға жуық қазақтың басын біріктіріп той жасаудың ең басты себебі осы. Шараға жиналған халық ескерткішпен танысып қана қоймай, шанышқылы елінің тарихынан сыр шертетін қойылым тамашалады.

Бұл жиын бірлік пен ынтымақтың белгісі. Шанышқылы елінің ақсақалдары бұл күнді бірнеше жыл асыға күткенін айтады. Өйткені ескерткіш салу идеясы 1999 жылғы кездесуде айтылған екен.

Төлеген Жандаров,  Қазығұрт ауданының тұрғыны:  «Бұл бастама 1999 жылы басталған. Кесене салу, саябақ салу, енді бұл өмірден өткен ата-бабаларды еске алып тұратын жер болсын деген мақсатта салынып отыр. Жақсысын көрмекке деп, бәріміз көрейік деп келдік».

Ұйымдастырушылар жиындағы әр элементке ерекше мән берген. Олар ұлттық дәстүрлерімізді барынша дәріптеп , ұлтымыздың дәмін ұсынуды мақсат етіпті. Сондықтан, жиында 30-дан аса киіз үй тігіп, әрбір қонаққа ерекше құрмет көрсетілді.

«Айырылмас» қоғамдық қорының мүшесі Архабай Тастановтың айтуынша, мұндай шаралар алдағы уақытта да тоқтамайды. Яғни, қордың болашаққа құрған жоспары көп.

Арқабай Тастаров, «Оңтүстік Жарық Транзит » ЖШС техникалық директоры: «Бұл саябақ қазақстандықтарды ынтымақ пен берекеге шақыратын орын болады деп есептейміз. Келешекте бұл жерде сарайы салынады деген жоспар бар. Мүмкін спорт алаңшасын саламыз. Алда жоспар көп».

Тойға келген ағайын көптен көрмеген туыстарынан саулық сұрасып, арқа-жарқа болып жатты. Бәрінің жүзінен мұндай кездесуді сағынғаны байқалады.

Мөлдір Ибадуллаева