«Шарықта шалқар шабытым» қайырымдылық концерті өтті

110

Шымкентте мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылығы мен өнерін дәріптеуге арналған «Шарықта шалқар шабытым» атты қайырымдылық концерті өтті. Дәстүрлі іс-шарада зағип және көзі нашар көретін жандар өнер көрсетті. Сонымен қатар, ерекше жандардың авторлық туындылары мен қолөнер бұйымдары да көпшілік назарына ұсынылды.

Бүгінгі ерекше концертте көру қабілеті бұзылған балаларға арналған «Үміт» интернат мектебінің шәкірті Айбын Жұмабеков өз өнерін ортаға салды. Дарынымен талайды тамсандырған жасөспірім қайырымдылық концертіне бұған дейін де бірнеше рет қатысқан. Өскенде әнші болғысы келетін 12 жасар өнерпаз саханаға шыққанда ерекше шабыттанамын дейді.

Айбын Жұмабеков, қатысушы: «Мүлдем қобалжу болмайды, себебі мен сахнаға шығып үйреніп қалғанмын. Ең сүйікті әнім «Қазағымсың». Әнді жаттар кезде 1-2 рет тыңдаймын, одан кейін жаттап бастай беремін. Сосын дайындаламын, сосын концертте айтамын».

Бірінші топ мүгедегі Перизат Үйсінбаева қайырымдылық концертіне 8 жылдан бері қатысып келеді екен. Сөзінше, осы сынды іс-шаралар ерекше жандардың өмір мен өнерге деген құлшынысын арттырады.

Перизат Үйсінбаева, қатысушы: «Менің бұл бағдарламадағы өнерім қарасөз өлең оқу. Сегіз жылдан бері осы жанрда қатысып келемін. Негізі өзім өлең оқуды өте жақсы көремін».

Бүгінгі шараның тағы бір ерекше қатысушысы –  Айшабибі Жұмабай. Қолөнер бұйымдарын жасаумен 2015 жылдан бері айналысатын бойжеткен, «мен өзімнің өнерімді жүрегіммен жақсы көремін. Сондықтан көзімнің көрмеуі сүйікті ісіммен айналысуға мүлдем кедергі келтірмейді»,  дейді.

Айшабибі Жұмабай, Шымкент қаласының тұрғыны: «Осы қайырымдылық концертіне өзімнің заттарымды алып келіп отырмын.  Маржан тастармен жасалған сөмкелерге екі күндей уақыт кетеді. Ал жақсылап кіріссең, бір күнде бітіруге болады. Қобдишаларға да 2-3 күн кетеді, мұның ішінде қиындауы велосипедтің жұмысы 4-5 күнде тоқимын».

Үшінші мегаполисті думанға бөлеген «Шарықта шалқар шабытым» қайырымдылық концерті көрермен көңілінде ұзақ сақталары сөзсіз.  Айта кетейік, шарада концертпен қатар көрермендерге ерекше жандардың қолынан шыққан қолөнер бұйымдары мен авторлық кітабы ұсынылды.

«Шалқар шабыт» мүгедектер қоры қоғамдық бірлестігі 2014 жылы наурыз айында құрылған. Бірлестік төрағасы Ербек Бәкиев, қайырымдылық концертін ұйымдастырудағы басты мақсат – талантты жандардың талабын ұштап, қатысушылардың өнерін көпшілікке паш ету дейді.

Ербек Бәкиев, «Шалқар шабыт» мүгедектер қоры қоғамдық бірлестігінің төрағасы: «2022 жылы екінші рет өткелі тұр. Біріншісі 29 наурыз күні Түркістан қаласында өтті.  Енді осы өзіміздің Шымкент қаласында да өткізгенді жөн санадық. Бірлестігіміздің ұйымдастырумен өтіп жатқан концерт – мүмкіндігі шектеулі, зағип және көзі нашар көретін жандардың қатысуымен өтеді. Өткізудегі мақсатымыз – осы аталған азаматтардың шығармашылығын насихаттау, қоғамға кеңнен дәріптеу арқылы бойындағы дарын-қабілетін ел-жұртқа көрсету».

Қайырымдылық концертінде қатысушы өнерпаздар «Мәдениет және өнер қызметкерлері» күніне орай «Шалқар шабыт» төсбелгісімен марапатталды.

Айта кетейік, коғамдық бірлестік жыл сайын түрлі деңгейдегі жыр мүшәйрасын, авторлардың шығармашылық кеші мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған концерттер өткізіп тұрады екен. Ұйымдастырушылар бұл бағыттағы іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты.

Гүлдана Дәурен